Мұндағы базарларда сиыр еті 2600 бен 2900 теңге аралығында саудаланып жатыр. Басқа өңірлермен салыстырғанда, айтарлықтай арзан. Мұның себебін облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мамандары ет өндірушілермен тікелей келісімге келгендерімен байланыстырады. Шаруаларға 0,01 пайызбен жеңілдетілген несие беріп, қаржылай қолдау көрсетеді. Есесіне ет өндірушілер базардағы сауда сөрелеріне өнімнің сапасына қарай 2300-2400 теңге аралығында өткізетінін айтады.
Сауда желілеріндегі бағаны арнайы құрылған жұмысшы топ бақылап, мониторинг жүргізіп отырады. Мәселен, соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірген 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шара қабылданып, айыппұл салынған.
Самат Көшкінбай, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
- Бірқатар енді айтатыным бар: біз өзіміздің етімізді сатамыз дейтін сатушылар бар. Бірақ қасындағы саудагерлер 2600-ден сатып алса, ол 3000-3500-ден сата алмайды. Тұтынушылар арзан етті алады. Сапасында айырмашылық жоқ. Сойыс алаңынан осында алып келеді, біз оны несиелеу арқылы арзандатылған бағамен саудагерлерге ұсынамыз. Бұл өңірлермен салыстырып қарағанда ең төменгі баға деп есептейміз.
Лаура Жанасбаева, Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Азық-түлік тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- Тұрақтандыру қорында қазір 12 мың тоннаның үстінде әлеуметтік тауарлардың қоры бар. Қазір бөлке нан-70 тг, жұмыртқаның данасы-40, картоп-130, сәбіз-110, қырыққабат-65 теңгеден және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар өнімдер төмен бағада саулануда. Бұл нарықтан 50 пайызға дейін төмен бағаны көрсетіп отыр.