Үкімет биылғы 9 айдың қорытындысын шығарды. Экономиканың өсуі 6,3% құрапты. Салалар арасында көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі ең жоғары өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібі 6,2%, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігі 4,4% жақсарған.
Үкімет соңғы жылдары экономиканы дамыту дегенде өңдеуге ерекше басымдық беруде. Бүгінгі есептік жиында ол жеке сала ретінде қаралды. Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2% өсіпті. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді. Ол өсім 17 өңірде тіркелгенін атап өтті.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:- Ең үлкен өсім Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім машина жасаудағы өндірістің 14%, оның ішінде автокөлік өндірісіндегі 16,8%, тамақ өнімдерінде 9,8, химия өнеркәсібінде 9,6%, мұнай өңдеуде 7,5%, металл бұйымдарында 15,2% өсу есебінен қамтамасыз етілді.
Күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Осы тұста негізгі көрсеткшітер жарияланды. Бүгінге дейін елімізде 24,6 млн тонна астық жиналды. Бір гектардан алынған орташа өнімділік 16,3 центнерді құраған. Сондай-ақ 2 млн 200 мың тонна майлы дақыл алынды. 2,7 млн тонна картоп жиналыпты. Көкөніс 3,2 млн тонна, ал бақша дақылдарының көлемі 2,3 млн тоннаға жетіпті.
2025 жылдың 9 айында Қазақстанда 75,7 млн тонна мұнай және газ конденсаты өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 96 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда. Жолдарды дамыту, сол арқы жүк тасымалын арттыру міндеті де өз нәтижесін беруде. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тасымал 9% жақсарған.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:- 9 айдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы нақты көлем индексі 121,2% құрады. Саланың өсу қарқынына жүк тасымалдау көлемінің артуы әсер етті. Көлік, құбыр және теміржолмен жүк тасымалы өсті.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің кірісі 17,3 трлн теңгені құрапты. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:- Дегенмен экономиканың орнықты өсуі үшін, бірқатар бағытта, оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік сияқты негізгі салаларда өсу қарқынын одан әрі арттыра түсу керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі ахуал басты назарда болуы тиіс. Жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық резервті пайдалану қажет.
Жиында алда атқарылуы тиіс істерде пысықталды. Мәселен , Премьер-министр Энергетика министрлігіне үш газ өңдеу зауытын салу жобаларын жеке бақылауда ұстауды тапсырды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков