Елде 45 200 адам банкрот деп танылды

  • 13
  • 15.10.2025, 19:46

Енді алдағы 4-5 жылда еліміздегі 45 мың азамат банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Әңгіме банкроттық мәртебесін алған тұлғаларға қатысты. Үш жылда 45 мың 200 адам жаңа мүмкіндікті пайдаланып, қарыз қамытынан құтылыпты. Бірақ банкрот болдым мінекей деп қуанудың жөні бар ма? Дұрысы қарызға белшеден батуға жол бермеу емес пе?

Проблемалық несие. Жасыратын несі бар мұндай мәселе, қарызын қайтара алмай жүргендер соңғы жылдары тым көбейіп кетті. Олар «қара тізімде» болғандықтан банктік карталары бұғатталып, жұмысқа тұра алмай қиналды. Басқа да қиындықтар қордалана берді. Жағдайды түзеу үшін 2023 жылы «Қазақстан азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енді. Қанша адам оның игілігін көрді? 

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Қазіргі таңда 45 200 азамат банкрот деп танылды. Бұл банктерге байланысты қарыздар болатын. Соның ішінде 13 мыңнан аса адам төлемін бес жылдан бері жасай алмаған азаматтар. Яғни көптен қарыз болған азаматтар. Қосымша айта кететін болсақ, 2,5 мың азамат әлеуметтік тіркеуде тұрған жағдайы қиын жанұялар.
Солардың қарыздары кешірілді.

Кешірілген қарыздың жалпы сомасы 180 млрд теңге. Негізі түскен өтініш саны 290 мың болыпты. Олардың шамамен 70% мақұлданбаған. Себебі азаматтар банкроттыққа берудің талабын ескермеген және жалған жарнамаға сеніп қалғандар көбейген. 

Меруерт Сейсенбаева, ҚР  Қаржы министрлігінің басқарма басшысы:

- Әлеуметтік желіде де банкрот қылып сізді танытайын, қарыздарыңызды кешіріңіздер маған хабарласыңыз деген жарнама көп болып кетті. Ол енді соған сеніп адамдар өзінің қаржылық жағдайы банкроттыққа сәйкес келмей тұрса да осыған жүгініп адамдарға, ақша төлеп көмегін алып жатқандар бар. Ол дұрыс емес.

Ержан Біржанов, ҚР  Қаржы вице-министрі:

- Арыз беруші соттан тыс банкрот болса, мүлкі болмауы керек. Көптен бері төленбей жүрген қарызы болуы тиіс. Қазіргі таңда арыз жазған адамдардың көбінде автокөлігі немесе пәтерлері бар. Ол азаматтар банкрот деп танылмайды.

Соттан тыс банкроттықты рәсімдеу. Азаматтар ол үшін өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы яғни eGov.kz сондай-ақ e-Salyq Azamat арқылы бере алады. Оған қоса eGov мобильді қосымшасында да осында мүмкіндік қарастырылған.  

Ескеріңіз! Банкрот деп танылдым, қайта қарыз ала беруге болады дегенге жол берілмейді. Бес жыл бойы банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайсыз. Жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта өтініш беру қарастырылған. Азаматтың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін де тексеріліп тұрады. Дегенмен несие алатын қазақстандықтардың қатары азайған жоқ. Жыл басынан бері 15% өсіпті. Қазір берілген несиелердің жалпы сомасы 23 триллион теңгеге жуықтады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Досбол Байдилдин