Биыл Қазақстанның Даму Банкі бір ғана ірі жобаны қаржыландырған. Сенатор Ләззат Рысбекова осылай деп банк жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, ұйым жобаларды қаржыландырарда, стратегиялық маңызы бар бағыттарды ескермей отыр. Басымдықты тек несие қаржысын қайтаратын ұйымдарға береді. Тиімділікті арттыру үшін сенатор, экспорттық әлеуеті жоғары салаларды қаржыландыруды ұсынды.
Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Биыл Қазақстанның Даму Банкі Алматы мен Түркістан қалаларындағы қонақүй құрылысын қаржыландырған. Қаржы институты мұндай жобаларды қоя тұрып, өндіріс пен экспорттық әлеуеті жоғары салаларға басымдық беру қажет деп есептейміз. Кеден қызметіне дербестік қажет. Сенатор Амангелді Нұғманов осылай деп кеден органдарының институционалдық тәуелсіздігін қалпына келтіруді ұсынды. Оның айтуынша, 2014 жылы Кеден қызметі Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамына енгеннен кейін, сыртқы экономикалық бақылау әлсіреген. «Бұл шешім мемлекеттік басқару жүйесінің табиғи логикасына қайшы келеді»,– дейді депутат.
Амангелді Нұғманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Атаулы орган мемлекеттік шекара арқылы өтетін тауарлар мен капитал қозғалысын бақылаудың, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендікті сақтаудың басты тетігі болып табылады. Сондықтан да мемлекеттік кеден саясатының институционалдық мәртебесін қайта қарау және дербес мемлекеттік орган ретінде қалпына келтіру еліміздің стратегиялық тұрақтылығы үшін аса өзекті мәселе.