ҚҚС төлейтіндер саны 18 мыңға артады

  • 12
  • 30.10.2025, 19:33

Келесі жылы қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлер саны тағы 18 мыңға артады. Алдын ала жүргізілген мониторинг қорытындысы осындай. Мемлекеттік кірістер комитеті аталмыш тізімге кіруі мүмкін деген тұлғаларға үндеу жасады. Мамандардың айтуынша олар қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуі керек. Жалпы аталмыш салықты кімдер төлейді? 

Қосылған құн салығы кәсіпкерлік орта үшін жаңа дүние емес. Тек 2026 жылдан бастап оны төлеушілерге қатысты ереже және салықтың мөлшері өзгереді. Қазір Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуші санатында шамамен 130 мың кәсіпкер бар. Бүгінде олар үшін салық 12% құраса, жаңа жылдан бастап 16% дейін көтеріледі. Келесі өзгеріс бірінші қаңтардан бастап жылдық айналымы 43 млн теңгеден асатын бизнес өкілдері қосылған құн салығын төлеуі тиіс. Бұрынғы көрсеткіш бұдан жоғары болатын. Салық төлеушілер санының өзгеруі осыдан. Мамандар осы санаттағы кәсіпкерлерді ақпараттандырудың барлық мүмкіндігін қолданатындарын айтады.   

Еділ Әзімшайық, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Салық төлеуші кабинетіне ай сайын салық төлеушілерге хабарлама жіберіп отырамыз. Айналымға жақындап қалды деп жібереміз ең алдымен. Одан кейін айналымнан асып кетуі мүмкін деп жібереміз жақындаған сайын. Асқаннан кейін тағыда жібереміз. Жаңа жылдан бастап мұндай хабарламалар телефон номеріне де жіберілетін болады.  

Мемлекеттік кірістер комитеті осы тізімге қосылуы мүмкін деген кәсіпкерлерді қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуге шақырып отыр. Ол қазір ерікті түрде жүргізіледі. Ал жаңа жылдан бастап міндетті болады.  
 
Еділ Әзімшайық, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Жалпы тіркелу деген электронды түрде аса қиын емес. Салықтық өтініш береді. Өтініште 4-5 жерді ғана толтырады негізі. Егов арқылы әрбір азаматта бар ғой мобильді қосымша. Тіркелу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі.

Жаңа талаптар күшіне енген соң қосылған құн салығын төлейтіндер қатары тағы 18 мыңға артуы мүмкін. Кәсіпкерлердің жылдық қаржы айналымына талдау жасау арқылы осындай болжам жасалуда. Мамандар: «Нақты саны келер жылдың 31 желтоқсанынан кейін белгілі болады»,– дейді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев