Соңғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 13,8 трлн теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5% артық. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 10,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл мәліметтер бүгін Үкіметте айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов шетелден келетін инвестицияның әлі де аз екенін атап өтіп, қарқынның бәсеңдеуі көбінесе мемлекеттік органдар тарапынан жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін кешіктіру, одан қалса басы артық бюрократиялық рәсімдер түріндегі кемшіліктермен байланысты екенін баса айтты. Тіпті инвестиция тарту мәселесінде артта қалған өңірлердің әкімдеріне нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін өз орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министр:-Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2029 жылға қарай ел экономикасына $150 млрд шетелдік инвестиция тарту бойынша нақты міндет қойды. Айта кету керек биыл біз кем дегенде 25 млрд доллар шетелдік инвестициялар тартуымыз керек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жылдық жоспар 40% орындалды. 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың номиналды көлемінің өсуіне қарамастан жылдық жоспардың тек жартысы ғана орындалып отыр.