Алайда былтырдан бергі қарымта сапарлар қатынасқа қарқын қосты. Алғаш Арарат баурайына ат басын бұрған – біздің Президент. Кейін Армения басшысы келді. Ендігі кезек Премьер-министрінде.
Барыс-келістің үдеуі үлкен нәтижелерге үндесе керек. Оның үстіне Ереван мен Бакудың емеурінін де елемей кете алмаймыз. Олар бейбіт келісім орнатты.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел басшысын бірден құттықтады. Себебі өзара ымыра қай тарапқа да ырысты болғалы тұр. Зангезур арқылы теміржолдың қайта қосылуы Орта дәліздің өткізу қабілетін еселеп ұлғайтып, Жерорта теңізіне дейін созылады.
Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Қазақстанның алға тартқан идеясы – Транскаспий дәлізі. Енді ол жаңа кейіпке енеді. Біз үшін баламалы жолдар, әлемдік нарықтарға бағыттарды әртараптандыру жағы күрт артады. Премьер-министр Пашинянның сапары осыған байланысты өте маңызды рөл атқарады. Қазақстан мен Оңтүстік Қапқаз елдері арасындағы диалог өте сындарлы болады.
Бүкіл әлемді порттар байланыстырса, теңізге шыға алмайтын елдер қайтпек? Бұларды құтқаратын – құрлықтық транзит. Мұны Никол Пашинян да құп көреді. Оның «Бейбітшілік торабы» бастамасына Қасым-Жомарт Тоқаев та оң көзқараспен қарайтынын айтқан. Ал Армения экономикасы 25 млрд доллардан асады. Қырғызстанға қарағанда қомақты. Соны ескерсек, Қазақстанмен тауар айналымы екі елдің әлеуетіне сай келмейді. Өзара сауда 35 млн доллардан артық. Ендеше Президент экспортты 350 млн долларға жеткізуге әзір екенін айтқан.
Сергей Мелконян, APRI Armenia тәуелсіз талдау орталығының ғылыми қызметкері:
- Армения мен Қазақстанның күн тәртібі соншалықты кең. Әлеуетті ынтымақтасқан салаларды ұзақ уақыт саралауға болады. Ауыл шаруашылығынан бастап, яғни Қазақстанның бидайы мен Арменияның ақпараттық технологиялар саласында ұсынатын мүмкіндіктері. Сондай-ақ қазіргі таңда негізгі қадамдардың бірі – тікелей әуе қатынасын орнату.
Айтпақшы, Әзербайжан Арменияға транзиттік шектеулерді алып тастады. Әуелгі жүк ретінде ел бидайы жөнелтілді. Енді «Ыстамбұл дәлізі» жаңа логистикалық бағыты іске асса, Қазақстан, Армения, Түркия үшін экономикалық тиімділігі мол. Сондай-ақ Ереванның Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД ұйымына мүшелігі де біз үшін зор мүмкіндік. Себебі арада кедендік кедергілер жоқ.
Нысаналы Ығыл