2026 жылы республикалық бюджет шығыны 27,7 трлн теңге, кіріс 19,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Сенаттың кезекті отырысында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі талқыланды. Заңнамада нендей өзгеріс бар? 2026 жылғы қазына кіріс-шығысы қандай болмақ?
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7–109,3% деңгейінде тұрақтандырылды. 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1%, 2027 жылы – 28,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 14,0%, 2028 жылы – 29,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,0%-ды құрайды.
Бюджетке қатысты заң мақұлданбады
Осылай деп бөркімізді аспанға атқанмен, алдағы үшжылдық бюджеттік болжам 2029-шы жылға дейінгі ұлттық даму жоспарымен сәйкес келмейді. Мәселен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және өзге де салаларда біршама пайыздық өсім болады деп көрсетілген. Алайда оған тиісті талдау жасалмаған. Экономиканың өркендеуінде олқылықтар болмас үшін терең зерделеу жұмыстары қажет. Кейінгі үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңын қарау барысында сенаторлар осылай деп, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін атады. Құжат Мәжіліске қайтарылды.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сенатта қызу талқыланған мәселелердің бірі – ол жергілікті бюджеттердің кірістерінің алдымыздағы үш жылда 10,7 трлн теңгеден 13,3 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсуі. Өсім факторларының бірі – өңірлердің салық әлеуетін есепке алуына байланысты болып, талқылауда көптеген сұрақтар туындады. Өңірлер оның тым асыра есептелгенін айтса, ал сараптамалық тұрғыдан оның өте қарапайым есептелгені байқалды.
Трансферт көлеміне қатысты құжат мәжіліске қайтарылды
Өңірлерде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал оның әрі қарай іске асуы үшін тиісті шығындардың көлемін 17,5 миллиард теңгеге ұлғайту қажет. Сондай-ақ алдағы үш жылда жергілікті бюджетке түсетін болжамды кірістерді, жаңа Салық кодексіне байланыстырып саралау қажет. Жоғары палата депутаттары «2026-2028-ші жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферлердің көлемі туралы» заңды да Мәжіліске қайтарды. Енді депутаттар құжаттың жекелеген баптарын қайта қарайды. Ал квазимемлекеттік компаниялардың есепшоты көлемді қаржымен толығуына қарамастан оларға бюджеттен қосымша қомақты сома бөлінеді. Алайда қаражатты тиімді пайдалану мәселесі көңіл көншітпей тұр. Отырыста Сенат төрағасы, парафискалдық төлемдерді жинау мен пайдалану тетіктерінің ашық еместігін айтты. Мәулен Әшімбаев бұл қаражатты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлердің қажеттілігіне жұмсауға болатынын жеткізді.
Түскен қаражатқа бақылау қажет
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мәселен, соңғы 2 жылда «ҚазАвтоЖол» компаниясына 130 миллиард теңге түссе, «Жасыл даму» компаниясының есепшоты 600 миллиардқа толықты. Қаралған бюджеттік құжатқа үңілсек, келесі жылы да осы мекемелерге қаржы бөлінетіні көрсетілген. Бұл тұста «Неге біз оларға қосымша қаражат қарастырамыз?» деген сұрақ туындайды.
Бұдан бөлек, компаниялардың шығысын бақылау ретсіз жүргізіледі. Демек Парламенттік және қаржылық бақылау тетігі әлі де тиімсіз. Келер жылы жұмыс барысында аталған жағдайды ескеріп, тиісті шешім қабылдау қажет деп есептеймін.
Сонымен қатар сенаторлар өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды, оның ішінде коммуналдық желілерді қаржыландыруды ұлғайтуды қолдады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы қаражат бөлінісі де нақтыланды.
Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков