Он бір айдың нәтижесі осындай. Соның арқасында қалада жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы шаһар экономикасының басым бағыттарын айтып берді.
Алматының өнеркәсіп, туризм, транспорт және логистика саласы инвестиция тартудан көш бастап тұр. Қаланың дамуына қаржы салатындардың жұмысын реттеу үшін инвестициялық штаб құрылған. Осы штаб маусым айынан бері 80 жобаны зерделеп, жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 67 инвестициялық жобаны мақұлдапты. Одан бөлек, жүзеге асырылғандар да бар.
Әбілқайыр Аймұхамбет, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы стратегиялық даму бөлімінің басшысы:
- 2025 жылы 5394 жұмыс орынын құрайтын 434 млрд теңге 12 ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда қараша айының қорытындысы бойынша олардың 361,7 млрд теңгеге 10 жобаның іске асырылуы аяқталды. Жұмыс орыны 5074 адам санын құрайды.
Қалалық Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл 13 мың азамат тұрақты жұмыс орнын тапқан. Оған қоса 10 мыңға жуық адам уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар кәсіптік оқыту бағдарламасы да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Әділет Дәулетұлы, қалалық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Қазіргі таңда 906 адам кәсіптік оқытуға жолдама алып, оқып жатыр. Қазіргі таңда соның 649-ы оқуды аяқтап, 500-ге жуығы тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Әлі оқу жалғасуда. Жылдың соңына дейін кәсіптік білім бойынша әлі де 250-ге жуық адам оқуды аяқтап, тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.
Одан бөлек, қаладағы жұмыссыздықты азайтуға арналған бірқатар әлеуметтік бағдарламалар бар. Нақтырақ айтсақ, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламалары тұрақты жүріп келеді. Зейнеткерлерге арналған «Алтын жас» жобасы да жалғасын тапты.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон