Тәуелсіздік тұғыры – ел болашағының кепілі

  • 12
  • 15.12.2025, 18:30

Қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы орындалып, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл жаңа тарихтың басталуы еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін оңай болған жоқ. Экономикалық дағдарыс, өндірістің тоқтауы, халық тұрмысының төмендеуі – мұның бәрі жас мемлекеттің алдында тұрған үлкен сынақ болды. Алайда Қазақстан осы қиындықтарды еңсере білді. Соның бір дәлелі – 30 жылда Жалпы ішкі өнім 20 есе өсті.

Осыдан 34 жыл бұрын Тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетті бүгінде әлем таныды. Қазақстан – дүниенің алпауыт елдерімен тең қарым-қатынас орната алатын, көпвекторлы сырқы саясат ұстанатын мемлекет. БҰҰ-ның толыққанды мүшесі атанды. Халықаралық сахнада да беделі биік.

Салтанат Әшірбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, саясаттанушы:

- Біз 1998 жылы Қауіпсіздік кеңесіне төраға болдық. Сонымен  қатар ДСҰ-на да мүше болдық. Жақында ғана Президентіміз АҚШ төрінде БҰҰ-на сөз сөйлеп, ядролық қаруды қарусыздандыру туралы маңызды мәселе көтерді. Мұның өзі де сыртық саясаттағы үлкен жетістік.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасы тұрақты даму жолына түсті. Мұнай-газ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамыды. Елге шетелдік инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта бизнестің де үлесі басым. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық, яғни   4,4 млн-нан астам адам осы салада қызмет етеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9% артық. Әрине, бұған Президент тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлікті қолдау шаралары әсер еткені анық. Биылғы жылдың өзінде  «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы мен «Даму» қорының базасында екі кепілдік қоры құрылды.

Динара Таженова,  ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік  қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары:

- Шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды және ірі инвестициялық жобаларға арналған кепілдік қоры. Екінші кепілдік қоры бойынша 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қаржыландыруды қамтиды.  Бүгінгі таңда бірінші кепілдік қоры шеңберінде 410 млрд теңге сомасында 2320 жобаға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ екінші кепілдік қоры шеңберінде 7,1 млрд теңге кредит сомасында бір жоба қолдау тапты.

Тәуелсіздік алғалы бері жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім 20 есе, ал сыртқы сауда айналымы 16 есе өскен. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жетістіктер де аз емес. 

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- «Әлемдік экономикалық мәселелерде де үлкен ілгерілеушілік бар және экономиканы диверсификациялау жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр. Яғни шикізатқа бағытталған экономикадан дайын өнім шығаратын, импортты алмастыра алатын, шағын және орта бизнестің үлесі жоғары экономиканы қалыптастыру жүзеге асуда. Оған қажетті Президенттің тапсырмасына орай жүргізіліп жатқан фискалдық саясат, әлеуметтік және бюджеттік саясаттың барлығы да өз кезегінде осы экономикалық реформалардың дамуына жақсы әсерін тигізеді.

34 жылда халық саны 20 млн 400 мыңға жетті. Жыл санап тек дамуға бет алған Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен мемлекет. 

Алуа Маханбет, Қайрат Ақтөреев