Экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет. Үкіметте жыл қорытындысын тыңдаған Премьер-министр ведомоство басшыларына осындай міндет жүктеді. Өткен 11 айда Қазақстан экономикасы 6,4% өскен. Көлік қызметі, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі ең жоғары өсім көрсетті. Кей өңірде жекелеген салалар бойынша кері көрсеткіш те тіркелген. Ал ауыл шаруашылығында бірнеше ректорд орнатылды. Барлық өнім ысырапсыз жиналды.
Экономикадағы жетістіктерді ең алдымен Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жіпке тізіп айтып берді. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 6,4% өскен. Құрылыс қарқыны 14% еңсерді. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы он, өңдеу өнеркәсібі 6 пайызға жуықтаса, сауда 8,8%, ауыл шаруашылығы 6,1%, көлік қызметтері 13,3% өскен.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: - Көлік жасау өндірісі 11,6%, оның ішінде автомобиль жасау 15,2% және электр жабдықтарын жасау 16,7%-ке өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Ал ауыл шаруашылығында бірнеше рекорд тіркелді. Мәселен, 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Майлы дақыл 4,7 млн тоннаға жетсе, мақта 428 мың тонадан асқан. Азат Сұлтанов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:-Ағымдағы жылы алынған өнім ішкі тұтынуды толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін ұлғайтуғада мүмкіндік береді. Биылғы өнімнен 3,4 млн тонна астық экспортталды. Экспорттық әлеует шамамен 13 млн тоннаны құрайды. Биыл ел экономикасына 18,5 трлн теңге инвестиция құйылған. Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында өсім бар. Атырау және Қарағанды облыстарында керісінше төмендеу тіркеліпті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:-Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет.
Үкімет басшысы инфляция мәселесіне де тоқталды. Соңғы екі айда оның деңгейі 12,4% дейін төмендеген. Алайда кейбір өңірлерде өскен. Мәселен, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында ахуал мәз емес. Олжас Бектенов бағаны тұрақтандыру бойынша облыс әкімдері мен сауда министріне тапсырма берді. Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин