Елде орта жалақы қанша?

  • 8
  • 19.12.2025, 18:42

Елімізде алдағы жылдары жалақы өседі. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2028 жылға қарай орташа табыс 600 мың теңгеден асады. Қазірдің өзінде елде ай сайын 1,5 миллион теңгеге дейін айлық алатын, 31 мыңға жуық адам бар. Ең жоғары жалақы қай салаларда төленеді? Биылғы орташа жалақы мөлшері қанша?

Биыл үшінші тоқсанда еліміздегі орташа жалақы 429 368 теңге болды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайыз жоғары. Ал жыл басынан бері белгіленген ең төменгі жалақы - 85 000 теңге.  Соңғы 5 жылда бірнеше сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өскен. 

Балжан Шадаева, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің сарапшысы:

-
Жүргізушілер, тазалаушылар, электриктер, вахтер, күзетшілер және техникалық персоналды қызметшілерінің тәріздес олардың жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға көтеріліп, нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге өсті. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдарға бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысына ынталандыру үстемақы белгілеу құқығы берілді. 

Қазақстанда 11 800 адам 3 миллион теңге жалақы алады. Олардың басым бөлігі өнеркәсіп, қаржы және сақтандыру, қаржылық делдалдық, сондай-ақ тау-кен өндіру салаларында еңбек ететін мамандар. Ал өндіріс саласында 3 миллион теңге жалақыны 1300 адам алады.  Сондай-ақ былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық жалақы бірқатар салада айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда  2,1 есе, ақпарат және байланыс саласында 1,9, ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1,5 есе артқан.
 
Сапарбай Жобаев, тәуелсіз сарапшы:

-Орта жалақы 430 мың болса, соны 1,5 көбейтіп 650 мыңға дейін индексациялап , ал одан жоғарғыларын индексациялау керек емес. Олар көп жалақы алады.
Қайта оларға прогрессивті салық салуды президент 2019 жылы айтқан еді. Бірақ біздің билік осы нәрсені 6 жыл бойы созды да, 15 пайыздық прогрессивті салықты тек қана 3 миллионнан жоғары алатындарға белгілеп қойды. 

Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, алдағы үш жылда қазақстандықтардың табысы айтарлықтай өседі деп жоспарланған. Мәселен, биыл орташа жалақы 423 мың теңге болса, келер жылы бұл көрсеткіш 500 мың теңгеге жетеді. 2027 жылы орташа жалақы 54 мың теңгеге өссе, 2028 жылы бұл көрсеткіш  604 мың 963 теңге болады.