Бұл туралы Ұлттық құрылтай секцияларының отырысында белгілі болды. Бірнеше бағыт бойынша өткен секция барысында келесі отырыста талқыланатын ұсыныстар да айтылды.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жылдың негізгі қорытындыларына тоқталды. Ол экономика тұрақты өсім көрсеткенін, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, тұрақты жұмыс орындары құрылғанын, әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алып, көлік инфрақұрылымын жаңғырту ісі жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президент бастамашылық еткен парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» мемлекеттік құрылыстың базалық формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың логикалық жалғасы екенін айтты. Парламенттік реформа аясында негізгі заңның кемінде 40 бабына өзгерістер енгізіледі деп күтіліп отыр. Ерлан Қарин Президент тапсырмалары мен Бурабайда өткен IV отырыста Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан айтылған бастамаларға тоқталды.
Ерлан Қарин – ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Біз арнайы 53 тармақтан тұратын жоспарды қабылдадық. Сол жоспарда көрсетілген барлық бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауға алдық. Бұл жұмыстың аясында 10-ға жуық заң қабылдануы керек. Бірнеше үлкен нормативтік құжаттар қабылдануы керек.
Президенттік реформалардың маңыздылығы мен нәтижелері айтылды
Оның аясында бірқатар маңызды тұжырымдамалық құжат әзірленді. Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттары, 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар, Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы да бар. Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың барлығын біріктіретін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленуде, ғылыми қалашықтар құру, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттеу, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау және басқа да бағыттар бойынша заңнамалық нормалар дайындалуда.
Ләззат Қожахметова, ұлттық құрылтай мүшесі:
- Биылғы жылдың ең үлкен жетістігі – бұл ішкі саясат қағидасы деп айтамыз. Себебі бұған дейінгі ішкі саясат қағидаларының барлығы тәуелсіздік алған жылдардың барлығында ешқашан онда тәртіп, заң, қоршаған ортаны қорғау деген баптар болмаған. Яғни кез келген идеологияны, тіпті экономиканы жүргізсеңіз де, ол жерде тәртіп болуы керек, заң болуы керек. Яғни бірінші ерекшелігі осы. Бұдан бөлек, мен өзі көпбалалы аналардың өкілі ретінде отбасы, дін мәселесі осы тұжырымдамаға еніп отыр.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы ұлттық құрылтайдың аясында шекаралық аудандарды дамыту жөнінде заң туралы айтылған болатын. Бұл заң қазір дайындалып, келесі жылы Мәжіліске енетін болады. Бұл Қазақстан халқының 3,5 миллион халқын қамтитын, 65 ауданды қамтитын ауқымды заң. Инфрақұрылымы, әлеуметтік дамуы, барлығы қаралатын болады.
Бастамалар мен ұсыныстарды іске асыру мәселелері Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларында талқыланды.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысын келесі жылы Қызылорда қаласында өткізу жоспарланып отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков