Жаңа Салық кодексі күшіне енеді

  • 4
  • 29.12.2025, 18:36

Оның қабылдануын кәсіпкерлер де, бухгалтерлік есептен аз-кем хабары бар азаматтар да алаңдап күтті. Нәтижесі қалай болады? Қарапайым тұрғындар үшін әсері қандай? 

Жыл бойы жиі айтылып, Парламентте қызу талқы болған жаңа Салық кодексі 1-ші қаңтардан бастап күшіне енеді. Цифрландыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру, салық жүктемесін әділ қарастыру жағдайында қабылданған құжаттың қарапайым тұрғындар үшін де, кәсіпкерлер үшін әсері бар. Әсіресе «Қарапайым халыққа ыңғайлы тұсы көп», - дейді мамандар.

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- Мысалы, жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын білім алуға, денсаулығына, үй алуға жарналар бар ғой. Сол жерде жеке табыс салығынан босатылып отыр. Бұрыннан көтеріліп жүрген мәселелердің бірі еді. Сонымен қатар өзінің шығарылған жылына қарай, автокөліктерді пайдалану мерзіміне қарай, төмендетілген коэффицент пайдаланылатын болады. Мысалы, 20 жылдан жоғары көлігі бар азаматтар 50 пайыз төмендетілген коэффицент пайдаланады.

Ал қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі қазіргідей 12 емес, 16 пайыз болып бекітілді. Бұл тауарлар мен қызметтердің құнына кіреді. «Бірақ бағаға, әсіресе бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласына әсер етеді деп болжау орынсыз», - дейді мамандар. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер ҚҚС-нан босатылады. 16 пайыздық салық ісін адал жүргізіп отырған шағын және орта бизнеске айтарлықтай әсерін тигізбейді.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Салықтық алымдар 30 пайызға қысқарады. Тексерістің барлығы кетеді. Кедергілер тағы да 30 пайызға қысқаратын болады. Арасында бір схемалармен айналысып, салықтан қашып жүрген адамдарға өмір қиындайтын болады. Ірі компаниялардың салықтық оптимизациядан қашып тапқан ақшасы енді бюджетке кететін болады. Салық режимдері де оңтайландырылған. 

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- Бірыңғай жер салығы алынып тасталынады. Шаруа және фермерлік қожалықтар қарапайым кәсіпкерлер сияқты жеке табыс салығын төлейді. Су ресурстарын пайдалану үшін, орман пайдалану үшін, жануарлар әлемін пайдаланатын төлемдер біріктіріліп, «табиғи ресурстарды пайдалану» үшін деп біріктірілді. Олардың мөлшерлемелері 50-ге азайды. Алымдардың 6 түрі алынып тасталынды.

Айта кетейік, салық заңнамасын ауқымды түрде қайта қарау осыдан он жыл бұрын жүргізілген. Жаңа құжат уақыт ағымының талабына сай қаралған және жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов