Қазақстан экономикасы былтыр рекордтық өсім көрсетіп, ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд долларды құрады. Жан басына шаққандағы табыс 15 мың АҚШ долларынан асты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында соңғы жылдары экономикамен қатар инфляцияның да өскенін атап өтті. «Алайда бұл көрсеткіш халықтың тұрмысында нақты сезілмесе, нағыз жетістік деп айту қиын», - деді. Сондықтан Президент Үкімет пен өңір басшыларына әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға ерекше мән беруді тапсырды.
Сарапшылар Мемлекет басшысының бұл ұстанымын еліміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын стратегиялық бағыт деп бағалап отыр.
Дінмұхаммед Ғали, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры – экономист:
– Жалпы ішкі өнімдегі жетістігіміз – алғаш рет өсімнің мұнай емес факторлардың есебінен қамтамасыз етілуі. Құрылымын қарайтын болсақ, құрылыс, автокөлік және инфрақұрылым салаларының айтарлықтай үлес қосқанын көреміз. Өндіріс саласы да алғаш рет 6,7 пайызға өсті. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтудың артуына мүмкіндік берді.