Кооперативтер агроөнімді ірі нарыққа шығармақ

  • 13
  • 20.01.2026, 21:35

Агросалада өнім бар, бірақ оны ірі нарыққа шығару қиын. Шағын шаруалар үшін бұл басты мәселе. Сарапшылардың айтуынша, оны кооперативке бірігу арқылы шешуге болады. Осы бағытта мемлекет те қолдау көрсетуге дайын.

Алтынай Тәңірбергенова шағын кәсіпкер. Ол жолдасымен бірге мал және құс етін ыстап, дайын өнім етіп сатуға шығарады. Шикізатты көршілерінен алады. Бірі мал өсіріп, сояды, екіншісі оны өңдеп, есік алдындағы дүкендерге өткізеді. Алайда шағын кәсіппен ірі сауда желілеріне шығу оңай емес.

Алтынай Тәңірбергенова, кәсіпкер:

- Үлкен «Магнум» сияқты тағы да басқа үлкен дүкендерге қарасақ, оларға біздің тағамдарымызды, біздің өнімдерімізді тапсыру өте қиын. Неге? Оларға объем керек. Бірақ объемды жасау үшін үлкен цех салу керек. Бүкілі санитарлық нормаға сәйкес. Сондықтан алдағы уақытта кооператив құруға дайынбыз. Бірақ инфрақұрылым, «сбыт» жайлы және қолжетімді несиелер болу керек деп ойлаймын.

Ауыл шаруашылығындағы ұсақ шаруаларды ірілендіру мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет көтерді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, кооперативке бірігу қаржыландыруға қол жеткізуді де жеңілдетеді. Бұл ретте өндірістік шығындарды азайту және инфрақұрылымды тиімді пайдалану да маңызды.

Дамир Жигулиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:

- Фермерлер бірігу арқылы банктерге қаржыландыру алу үшін түсінікті әрі тұрақты құрылым ретінде тіркелетін болады. Айтып өтетін екінші жайт – өндірістік шығындардың азаюы. Яғни жемшөп, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, тұқым алу барысында ол бірлесе алғаннан кейін оның бағасы әлдеқайда үнемді болып есептеледі және де инфрақұрылым мен техниканы пайдалану ұжымдық болғаннан кейін ол өнімнің өзіндік бағасын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кооперативтер ірі тауарлық партия қалыптастырып, өнімді өткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Кооперация үшін жекелеген бағыттар бойынша басымдық та қарастырылған.  

Дамир Жигулиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:

- Ол Жаңа Салық кодексінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қосалқы құн салығы 80 пайызға дейін жеңілдік көзделген. 2025 жылғы займдар туралы заңға өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатында конкурс өткізу мақсатында коперативтерге қосымша балдар қарастырылған.

Қазір кооперативтің тиімді екенін түсінген шаруалар аз емес. Егер 2020 жылы елімізде үш мыңға жуық кооператив болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 4 жарым мыңнан асты.

Алуа Маханбет, Таир Мерекенов