Президент: Қатаң бюджеттік тәртіп керек

  • 9
  • 21.01.2026, 21:32

Мемлекет басшысы Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалануды жүктеген болатын. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайтынын «Түркістан» газетіне берген сұхбатында да қозғады. Президенттің айтуынша, бюджет қаржысы барынша тиімді әрі мақсатты жұмсалуы тиіс. 

Экономика – бұл құрғақ теория емес, әр азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты сала. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кең көлемді сұхбатында халық табыс тауып отырғанымен, оны инфляция жеп қояды деп ашық айтты. Осыған байланысты былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжаттың басты мақсаты – инфляцияны төмендету арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Дінмұхаммед Ғали, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» орталығының директоры – экономист:

- Былтырғы 2025 жылғы біздің табысымыз 10 пайызға өссе, бірақ инфляция көлемі 12 пайыз болғандықтан, табыс 1,5 пайызға азайғанын көріп отырмыз. Сондықтан Президент инфляция мәселесіне көңіл бөлді. Әзірше коэффициент жиыны бойынша ол 22–27 пайызға болып отыр. Ол кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтық бар екенін көрсетіп отыр.

Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, Қазақстанды бақуатты, тіпті бай мемлекет деуге болады. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта елде экономикалық теңсіздік әлі де сақталып отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейне­т­ақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ әдеттегідей, сто­матология қызметін көрсетеміз де­ген желеумен зейнетақы қорынан 200 ми­л­лиард теңгеден астам қаржы жым­қыр­ған алаяқтар да табылды. Құқық қор­ғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қыз­мет түріне зейнетақы жинағын пай­да­лануға тыйым салуға тура келді.

Сонымен қатар қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. 

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Әлеуметтік маңызы бар жобалар – ол жылу, электр энергиясы, сумен қамтамасыз ету сияқты. Ал енді нені тоқтату керек? Кәсіпкерлікті, үлкен акционерлік компанияларды, үлкен квазимемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыруды тоқтату керек. Олар салық төлеудің орнына бюджеттен ақша алып үйреніп қалды. 2025 жылы осындай 243 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бюджеттен ақша алушы еді. Соларды жекешелендіреміз деді.

Мұндай қиындықты көптеген мемлекет бастан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Ол үшін нақты жоспарымыз бар», – деді Президент.

Диана Қадыр, Айбын Құсанбек