Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендердегі суды бөлу туралы келісім жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді. Көрші елдермен жүргізіліп жатқан су дипломатиясының арқасында бірнеше жоба тиімді іске асқан. Атап айтқанда, соңғы екі жылда Қазақстан мен РФ су тасқынын өткізу бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылды. Одан бөлек, Балқаш көліне шамамен 30 млрд текше метр су келсе, Солтүстік Аралдағы су көлемі 6 млрд текше метрге ұлғайған.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі шамамен 23 млрд текше метрді құрайды. Ал жоспарға сәйкес, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтірудің екінші кезеңі аясында жобалық су көлемін 27 млрд текше метрден 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атап айту керек, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Су ресурстары министрлігіне осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындауды аяқтап, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырған болатын.