Базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде қалды

  • 9
  • 23.01.2026, 21:33

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайыз деңгейінде қалды. «Бұл шешім инфляцияның қазіргі жағдайы мен тәуекелдерді ескере отырып қабылданды», - деді банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция – 12,3%. Желтоқсанда баға өсімі сәл бәсеңдесе де, азық-түлік бағасы, әсіресе ет пен май қымбат болып отыр. Экономикалық белсенділік пен ішкі сұраныс әлі де жоғары. Алдағы кезеңде салық реформасы мен тарифтердің өсуі инфляцияға қосымша қысым тудыруы мүмкін. Осыған байланысты Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартысына дейін қазіргі деңгейде сақтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар банк төрағасы Ұлттық қорға қатысты да пікір білдірді. Сүлейменовтың айтуынша, қордан түскен кірістер рекордтық деңгейге жетіп, экономикалық тұрақтылыққа үлес қосқан.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Ұлттық қорды басқарудан түскен табыс 8,7 млрд доллар болды. Бұл доллармен есептегенде жылдық 15 пайыз кіріс береді. Аталған көрсеткіштер рекордтық саналады. Себебі Ұлттық қорды басқару тарихында мұндай нәтиже бұрын-сонды болмаған. Сол себепті қордан едәуір көлемде трансферттер алынғанына қарамастан, оның көлемі өсті. Одан бөлек, биыл 18 жасқа дейінгі әр балаға Ұлттық қордан шамамен 130 доллардан төленеді.