Инновациялар мен финтех саласы ел экономикасының дамуын еселеуге жол ашып отыр. Сандық технологиялардың арқасында қаржы қызметтері бұрынғыдан да қолжетімді, жылдам бола түскені анық. Енді бұл бағытта тағы қандай жобалар жүзеге асырылады? Мұндай өзгерістер ел үшін не береді?
Қазақстанда қаржы қызметін жасанды интеллект арқылы ұсынатын қосымшалар аз емес. Мұндай құбылыстардың негізі – финтех, яғни осы қызмет түрі мен жаңа технологиялардың тоғысуы. Бүгінде елімізде бұл салаға барлық банктер, онлайн несие беретін шағын қаржы ұйымдары, сервистік компаниялар кіреді.
Айдар Масатбаев, сарапшы:
- Бұл тренд емес. Біздің қоғам қаржылық-технологиялық шешімдерге өте тез бейімделді. Бүгінде финтех отандастарымыздың күнделікті өміріне берік енгенін анық айтуға болады.Тіпті коммуналдық қызметтерге ақы төлеу сияқты қарапайым істің өзі қазір цифрлық сервистерсіз сирек жүзеге асады. Кассаға барып, шоттарды қолмен төлеу қажеттілігі өткеннің еншісінде қалды және бұл қуантарлық жағдай.
Сарапшылардың пікірінше, қаржы нарығының болашағы цифрлық трансформацияға тікелей тәуелді. Ал бүгінде сандық теңге жобасына баса көңіл бөлініп жатыр. Ол жылдам төлем жасауға және банктік сервистермен ықпалдасуға өте ыңғайлы. Тіпті саладағы үрдістерді ашық әрі қауіпсіз етпек.
Дмитрий Акмаев, Ұлттық төлем корпорациясының бөлім басшысы:
- Цифрлық теңге – ұлттық валютамыздың эволюциялық даму кезеңі. Бұл іс жүзінде таңбаланған валюта. Ол қосылған құн салығын жедел қайтару операцияларында өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сондай-ақ қосымша құн салығын қайтару процесін бірнеше есе жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу, тендерлік процестерде де оң нәтиже көрсетті.
Финтех және инновацияның дамуымен қауіпсіздік мәселесі де басты назарға алынуда. Себебі тың технология арқылы жасалатын алаяқтық деректері де тыйылмай отыр. Қаржы айналымының қауіпсіздігін қамту үшін Ұлттық банк арнайы орталықты іске қосқан.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов