Алдағы уақытта газды артық тұтынғандар үшін оның бағасы қымбаттайды. Яғни сараланған тариф енгізіледі. Сондай-ақ саладағы делдалдарды қысқарту көзделген. Мәжіліс тиісті заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта есептеуіш құралдарды жаңарту және газ құю стансаларында қауіпсіздікті нығайту тетіктері де қамтылған.
Көгілдір отын. Ол қоршаған ортаға зиянсыз және қолдануға ыңғайлы. Бұл игілікке қазір Қазақстан халқының 64 пайыздан астамы қосылған. Елімізде жылына шамамен 60 млрд текше метр тауарлық газ өндіріледі. Оның 21,6 млрд текше метрі ішкі тұтыну үшін қолданылады. Мәжіліс қараған бүгінгі заң сол тұтыну тәртібін реттеуге арналған. Соңғы жылдары газдандыру көлемі артуда.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Соңғы жылдары елімізде газ тұтыну көлемі қарқынды өсіп келеді. Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады. Мұндай әдіс су және энергетика саласында қолданып отыр.
Газ есептегіш құралдары тегін орнатылады
Бұл бастаманы іске асыру үшін есептегіш құралдарын жаңарту қажет. Қазіргі уақытта 2 млн-нан астам тұтынушының көрсеткіштері үй-үйді аралап, қолмен жазылады. Кей жерлерде суретке түсіріліп, мессенджерлермен жиналады. Мәселені қашықтан бақылайытын есептегіш құралдар арқылы шешу жоспарлануда. Оны орнату шығынын газбен жабдықтау компаниялары көтереді.
Бауыржан Асқаров, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директоры :
- Қазір Қазақстанда ақылды есептеуіш құрылғыларды жасайтын 4 компания бар. Өнімінің сапасы, қуаттылығы жер үйлерде қолдану талабына толықтай сай келеді. Тиісті рұқсаттары да бар. Олардың құны 37 мен 55 мың теңге аралығында. Есептегіштерді бірнеше қаржы көзі арқылы сатып алу жоспарлануда.
Заңда газ нарығындағы делдалдарға тосқауыл қоятын нормалар да қарастырылыпты. Енді газ тарату компаниялары магистральдық құбырға міндетті түрде тікелей қосылады. Арада артық ұйымдар жұмыс істемеуі тиіс. Сәйкесінше, бағаның негізсіз қымбаттауы тоқтайды. Жиында қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Мамандар әсіресе автогаз құю станцияларының қазіргі күйіне алаңдаушылық білдіруде. Елімізде 3000 автогаз бекеті бар. Олардың 90 пайызының қоймасы жер үстінде орналасқан.
- Дәл осындай станцияларда 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар орын алып, азаматтардың қаза болуына әкелді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа автогаз құю станциялары үшін сыйымдылықтарды жер астына орналастыруды міндеттеу ұсынылады.
Енді жаңадан ашылатын автогаз құю стансалары ауқымды ыдыстарды жер астына орналастыруға міндетті. Ал жұмыс істеп тұрғандарына 2031 жылға дейін уақыт беріледі.
Айта кетейік, заңды дайындау кезінде 150 астам түзету енгізіліпті.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков