Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастық артады

  • 1911
  • 03.02.2026, 21:36

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Азиялық мемлекетке ат басын алғаш рет бұрғанымен, ол екі ел арасындағы байланыс аясын кеңейту қажеттігін соңғы уақытта жиі айтып келді. Қос елді экономикалық мүдде ғана емес, тарихи тамырластық та біріктіреді. Ортақ тұлғалары мен тарихи кезеңдері бар. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- 250 млн-нан астам халқы бар Пәкістан – тұрғын саны жөнінен әлемдегі 5-ші мемлекет. Теріскейі тау, түстігі мұхитқа жалғанған бұл ел экономика, сауда және логистика бағытында біздің Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Екі ел арасындағы алыс-беріс әзірге 100 млн доллардың үстінде болғанымен, келешекте ол бірнеше млрд долларға жетуі мүмкін.

Бұндай болжамды сандар сарапшылардың қиялы емес, Пәкістан мамандары келтірген нақты экономикалық есептеулердің нәтижесі. 2020 жылы Оңтүстік Азиялық мемлекеттің үкіметі Орталық Азия аймағының әлеуетін зерттеуге бағытталған арнайы стратегияны бекітсе, осыдан үш жыл бұрын Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдаған. Аталған құжаттағы бірінші басымдық Ауғанстан. Себебі ол Пәкістанды Орталық Азиямен жалғайтын ортадағы көпір. Ал бұл Пәкістанға, одан әрі Үнді мұхиты арқылы Отүстік Азия нарығына шығуды көксейтін Қазақстан үшін іздегенге сұраған. 

Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бүгінгі таңда біздің арамызды жалғайтын теміржол желісі жоқ мемлекет –Ауғанстан. Сондықтан біздің үкімет Ауған елі арқылы Пәкістанмен жалғайтын теміржол дәлізіне инвестиция салуға әзірлік танытты. Бұл Үнді мұхитын шығатын төте жол.

Қазір дәл осы бағытта қызу жұмыс басталып кеткенін атап өту керек. Қазақстан, Ауғанстан және БАӘ-мен үшжақты меморандум алдағы ақпанда келісіммен қатталуы тиіс. Пәкістанмен жеке меморандум жасалмақ. Олар жобаны қолдап отыр. Қазақстан тарапы «Герат – Қандағар» бағытын инвестициялау үшін 500 млн долларды шытырлатып санап беруге дайын.

Ауғанстан арқылы өтетін теміржол дәлізі

Аталған бағыт Ауғанстанның солтүстігіндегі Герат провинциясының Түрікменстанмен шектесетін Тургунди қаласынан шығып, Қандағар провинциясының Пәкістан шекарасындағы Спин-Болдақ қалаларын жалғайды.

Пәкістанның аумағына шыққан соң біздің ел үшін Оңтүстік Азия аймағы мен елдің Үнді мұхитына шығатын порттарына жол ашылмақ. 

Ербосын Нұрмұханұлы, экономист:

– Оңтүстік Азияны қосып келетін болсақ, 1 млрд 800 млн халқы бар үлкен нарық. Энергия көзі бізде бар, ауыл шаруашылық өнімдері де бар. Қазба байлықтарымыз бар. Пәкістанға қажетті өнімнің бәрі бізде бар. Сондықтан Пәкістан мен біздің экономикалық ауыс-түйісіміздің әрі қарай сәтті жүрілетіні – табиғи жағдай. 

Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- 2024 жылдың желтоқсан айында Карачиге барып, осы елдің ірі бизнес өкілдерімен кездестім. Олар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ықпалдастықты дамыту келешегі бойынша талдау жүргізген екен. Олардың сарапшылары: «Екі елдің арасындағы әлеуетті ескере отырып, тауар айналымы 14 млрд долларға дейін жетуі тиіс», - деп болжамдаған екен.

«Бүгінгі экономикалық байланыстарға ғасырлардан жалғасып келе жатқан тарихи тамырластық алғышарт», - дейді тарихшылар. Ұлы Жібек жолы керуен бағыттарынан бастап Ұлы Моғолдар мемлекетіне дейінгі сабақтастық соған дәлел. 

Өмірбай Жолдыбекұлы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің деканы:

- Мемлекеттің құрылымы, басқару тәсілі, сосын мына заңнамалық тұғыры, солардың барлығы мынау Шыңғыс кезіндегі қалыптасқан «Жасақ» заңдар жинағының әрі қарай өміршеңдік танытып, Пәкістан территориясында да өзінің тамырын жайғандығын біз толық айта аламыз. Оның артында қалған сәулет өнері Орталық Азия стилінде ерекше дамыды. Оның тарихи ізі бүгінгі мынау Пәкістан Ислам республикасында сақталған. 

Жаңа тарихта 1992 жылдан бері жүйелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастар көлік-логистика, сауда инвестиция, әскери бағыт, цифрландыру, мәдени-гуманитарлық салалар сияқты көпқырлы ықпалдастыққа негізделген. Қазақстан басшысының Исламабадқа алғашқы сапары аясында тараптар 70-ке жуық келісім аясында тараптар қол алысып, төс қағыстырады деп күтілуде. Ал екіжақты ықпалдастық жаңа стратегиялық деңгейге шығуы тиіс. Бұл әлгі миллиардтық межеге шығатын алғышарт. Пәкістан іскерлік кеңесі: «Қазақстан 4,6 млрд долларға дейін өз өнімдерін экспорттай алады», - деп есептеп те қойыпты.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бақытжан Нұртаев