Өткен айда жылдық инфляция еліміздің 11 өңірінде баяулады. Керісінше 8 өңірде ол жеделдеп, 1 өңірде бұрынғы деңгейде қалды. Бұл туралы еліміздің Ұлттық банкі хабарлады.
Еске сала кетсек, 2025 жылы жылдық инфляция 12,3 пайыз болды. Азық-түлік өткен жылы 13,5 пайызға қымбаттаса, азық-түліктік емес өнімдер 11,1, ал қызметтер құны 12 пайызға артқан.
Биыл қаңтар айында азық-түліктің бағасы республика бойынша сәл төмендеп, 12,9 пайызды құрады. Дегенмен Ұлытау облысында қымбаттап, 16 пайыздан асқан. Азық-түліктік емес тауарлар бағасының ең жоғарғы көрсеткіші Ақмола облысында байқалып, 13,4 пайызға жетті. Ақылы қызметтер биыл да өзгеріссіз.
Инфляцияның ең төменгі мәні келесі өңірлерде тіркелді. Атап айтқанда, азық-түліктік инфляцияның ең төменгі көрсеткіші 11,3 пайызбен Ақтөбе облысында тіркелсе, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың төменгі мәні Батыс Қазақстанда байқалып отыр, 8 пайыз. Ал қызметтер құны өзге өңірлермен салыстырғанда, Маңғыстау облысында арзан, 9 пайыз.