Қазақстанда импортты алмастырудың 36 бағыты айқындалды

  • 863
  • 17.02.2026, 21:32

Отандық автокөліктер арзандай ма? Жаңа мұнай өңдеу зауыты қашан іске қосылады? Үкімет мүшелері брифингте журналистердің осы сұрағына жауап берді. Ал негізгі жиында экономиканы әртараптандыру және өнімділікті арттыру мәселесі қаралды. Металлургия, мұнай химиясы, газ өндірісі мен фармацевтика салаларын ілгерілетуге басымдық берілмек. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарда болады.

Экономикалық сектордың аяқ алысына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі жауапты. Сондықтан жиында алдымен Серік Жұманғарин баяндама жасады. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалыпты. Енді соларды дамытуға басымдық беріледі. 2030 жылға дейін өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруға 100-120 млрд доллар бағыттау жоспарлануда. Басты бағыттар – ет және сүт өңдеу, қант, жеміс пен көкөніс өнімдерін өндіру.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Экономикалық өсудің проактивті саясаты экономиканы индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазір көптеген мемлекеттер экономикалық өсімді ынталандыруға қыруар қаржы бөлуде. Серік Мақашұлы, мен сізге тиісті ақпаратты жібердім.  Мысалы, қазір Германия және басқа елдер осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Бізге де аталған бағытта жұмыс істеу керек. Қарқынды әрі сапалы экономикалық өсім қажет. Сондықтан жұмысты жалғастырыңыздар.

Премьер-министр технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қоюды тапсырды. Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі бір ай мерзімде жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуы қажет. Жоспар бойынша тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, химия өндірісі дамытылады.  Жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша бұған дейін 17 ірі инвестициялық жоба іріктеліп алыныпты. Қазіргі таңда 9 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Олардың екеуі өткен жылы іске қосылыпты. Қалғандары кезең-кезеңімен аяқталады. Жоспар ойдағыдай орындалса, олар 7,3 млрд доллардың өнімін береді.

Жиыннан кейін өткен брифингте автокөліктер өндірісінің қазіргі күйі сөз болды. Мамандар: «Қазақстанда темір тұлпарлар арзандауы мүмкін», - дейді. Шенеуніктердің айтуынша, отандық зауыттар өндіріс көлемін арттырса, баға төмендейді. Өткен жылы автокөлік өнеркәсібі рекордтық өсім көрсетіп, 171 мыңнан астам техника шығарылған. Оның басым бөлігі – жеңіл автокөліктер.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Елімізде автокөлік сатылымы өсті, оның 80%-ы – қазақстандық көліктер. Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын баға міндетті түрде төмендейді. Отандық өндірістің артуы қытайлық көліктер бағасының да төмендеуіне әсер етеді.

Қазақстанда автокомпоненттерді локализациялау орталығы құрылады. Алдағы үш жылда жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежеуіш және жанармай, салонның пластик бөлшектері мен еден жабындарын шығару жобалары іске қосылады.  Көлік көбейген сайын жанармайға сұраныс артуда. Мамамандар әсіресе дизель отынына қатты алаңдаулы. Оның тапшылығы 2030 жылға қарай толық шешіледі деп күтілуде. Ол үшін мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртпақ.

Айтпақшы, 2033 жылы төртінші зауыт іске қосылады. Авиаотынға деген сұраныс сол кезде шешіледі. 

Қайырхан Тұтқышбаев, Энергетика вице-министрі:

- Төртінші зауытты салу және қуаттылықты арттыру есебінен авиаотын мен дизель отыны тапшылығын толық жабамыз. Әрі бұл өнімді экспорттауға мүмкіндік туады. Қазір жаңа зауытқа жеткізілетін мұнай, өнімнің сипаттамасы мен түрлері зерделенуде.

Ал биыл Қазақстан галлий мен сүрме өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Аталмыш өнімдер АҚШ пен Еуроодақ елдеріне экспортталады. Галлий смартфондар, жарықдиодтар, лазерлер және күн батареялары өндірісінде қолданылады. Сүрме электроника мен қорғаныс өнеркәсібінде пайдаланылады. Экономиканы әртараптандыру жоспарында металлургия мен мұнай-химиясына қоса газ өндірісі және фармацевтика салаларынада басымдық беріліпті.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин