Цифрлық теңге экономикалық өсімге алып келеді

  • 690
  • 18.02.2026, 21:42

Цифрлық теңге мемлекет қаржысының ашықтығын қамтамасыз ететін құралға айналады. Парламент Сенатының депутаттары Ұлттық банкке барып, ұлттық цифрлық инфрақұрылымды құру аясында цифрлық теңгені енгізу жобаларымен танысты. Бас қаржы институты былтыр қолға алынған пилоттық жобалардың нәтижесі және цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту жоспарларын баяндады. Цифрлық теңгенің артықшылығы неде?

Өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы мәселе көтерді. «Банктер туралы заң қабылдап, онда активтер айналымын ырықтандыруды қамтамасыз ету керек», - деді. Цифрландырудың көмегімен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады.

Мемлекеттің қаржысы әдетте тендер процессінде, сатып алулар кезінде талан-таражға түсіп жатады. Енді оның жолы кесіледі. Мемлекеттік сатып алулардағы жаңашылдықтың бірі ретінде цифрлық теңгенің рөлі күшеймек.  

Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаменті директорының орынбасары:

- Цифрлық теңгені қолданудағы жалпы мақсат – ол мына қаражаттың нақты қайда кеткенін айқындау. Яғни әлеуетті өнім беруші өзінің алған міндеттемелері шеңберінде ғана қолдана ма, болмаса басқа тарапқа кете ме? Сол себепті цифрлық теңгенің негізгі мақсаты – ол айқындылық, ашықтық және бақылау.

Экономистердің пайымдарынша, цифрлық теңге мемлекеттің қаржысын әділ бөлуден бөлек, жеке тұлғалар үшін де қолайлы мүмкіндік ашпақ.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Көлеңкелі экономиканың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни барлық мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттар, жеке тұлғалардың қаражаттарын қадағалау тиімді болады. Ауыл-аймақтарға да оның артықшылығы өте жоғары, өйткені көп азаматтар ауылда банк бөлімшелері болмайтын болса, несиені алу рәсімі қиын болатын болса, цифрлық төлемдерде бұның бәрі онлайн, мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақылардың, әртүрлі төлемдердің де делдалсыз, азаматтарға тікелей баруына мүмкіндік береді. 

Өткен аптадағы үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы бюджет қаражатының игерілуі, дәлірек айтқанда, оның жөн-жосықсыз жұмсалуын сынға алған еді. Цифрлық теңге – бұл валюта ғана емес, халықтың ақшасын жымысқы жеке тұлғалардың мысықтілеу мүддесіне жібермейтін үлкен тетік. Оның сыртында. 

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Бюджет тек қана игеру үшін ғана емес, бюджет нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі керек. Цифрлық теңге дегеніміз – мысалы, қазіргі таңда криптовалютаны білеміз. Осы криптовалюта қатарына біздің ұлттық валютамыз енеді деген сөз. Және де ол әрине еліміздің халықаралық аренада деңгейін көтереді, өйткені ол инвесторлармен жұмыс істеген кезде сауда қарым-қатынасында да біздің ұлттық деңгейіміздің жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. 

Цифрлық теңгенің  артықшылықтары

Цифрлық теңгенің артықшылықтарына келсек, ол ақша операциясының жылдамдығы, ашықтығы, уақыт пен ресурстың үнемділігін қамтамасыз  етеді. Сондай-ақ адам араласпайтындықтан көлеңкелі ақша айналымы, жемқорлық сияқты тәуекелдер болмайды. Оның үстіне цифрлық теңгені Ұлттық банк тікелей бақылай алады, нәтижесінде таза айналым экономиканың өсіміне ықпал етеді.

Цифрлық теңгенің артықшылығы тек ашықтыққа негізделмейді. Жан-жақты енгізілгенде оның мультиплликативті әсері экономиканың өсіміне алып келетінін байқаймыз. Ол үшін Мемлекет басшысы елде тұтас цифрлық инфрақұрылым жасақтау міндетін қойып отыр. Игілігін көретін уақыт алыс емес сияқты. 

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков