Егіс науқанына ₸1 трлн жұмсалады

  • 193
  • 24.02.2026, 21:33

Биыл дизель отыны диқандарға 15% жеңілдікпен беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Ал егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемі былтырғыдай бір триллион теңге деңгейінде қалды. Алайда күріш пен мақта алқабы азаяды. Шаруалар көктемгі егіс науқанына қаншалықты дайын? Диқандарға тағы қандай жағдай жасалмақ?

Биыл 23,8 миллион гектарға егін егіледі. «Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Соның ішінде майлы дақылдар мен азықтық дақылдарға, арпа мен картоп, әсіресе жүгеріге басымдық беріліп отыр. Құрылымдық өзгерістерге сәйкес, бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарған. Сонымен қатар су тапшылығына байланысты күріш пен мақта көлемі де азайтылады. Дегенмен министр шаруалар жұмыссыз қалмайтынын айтты. Олар баламалы дақылдарға көше алады. Себебі мемлекет тарапынан биыл қаржыландыру көлемі де аз емес. Шаруалар ерте әрекет етсін деп өтінім қабылдау да өткен жылдың күзінде басталып кеткен еді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Осының нәтижесінде, бүгінгі күні шамамен 1 900 шаруалар 200 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл жалпы қаржыландыру көлемінің 27%-ын құрайды. Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы берілетін кепілдіктер бойынша несие көлемін 300 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда . Бүгінгі күні 86 млрд теңге көлеміндегі кредиттерге кепілдік берілді.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы дайын. Егіс науқаны басталғанға дейін толық әзірлік қамтамасыз етіледі. Жиында Үкімет басшысы Олжас Бектенов көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше мән берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемі былтырғыдай бір триллион теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300млрд теңге қаралған. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 3-ші жыл қатарынан диқандарды қолдауға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Фермерлдер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай төлеу көзделіп отыр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов: «Шаруалар үшін дизель отынының бағасы нарықтық бағадан 15% төмен болады», - деді. Ал Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Биыл вегетацияға арналған су көлемі әсіресе оңтүстік аймақтарда көпжылдық нормадан төмен болады», - деп мәлімдеді. Тіпті бірнеше өңірге лимит енгізілген.

Нұрлан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Қызылорда облысы үшін 3,2 миллиард текше метр, Алматы облысы - 2,1 миллиард текше метр, Жетісу облысы - 1,8 миллиард текше метр, Жамбыл облысы - 1,2 миллиард текше метр, Түркістан облысы үшін 3,8 миллиард текше метр көлемінде су пайдалану лимиттерін белгілеу туралы шешім қабылданды.

Жиын соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов диқандарға жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырды. Одан бөлек, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге, яғни суды үнемді пайдалануға кеңес берді.

Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин