Теміржол – экономиканың қозғаушы күші

  • 117
  • 25.02.2026, 21:41

Елімізде «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру Орталық Азия елдеріне қосымша 20 миллион және Қытай бағытында осынша көлемде жүк өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, былтыр іске қосылған «Достық – Мойынты» желісінің әлеуетін мейлінше пайдалану көзделіп отыр. Себебі бұл дәліз арқылы Еуропаға жүк тасымалдау әлдеқайда тиімді.

«Достық – Мойынты» теміржолы – ел үшін стратегиялық маңызға ие және тәуелсіздік алғалы іске асқан ең ірі жоба. Жаңа жол арқылы жүк тасымалдау көлемін 5 есе арттыру жоспарланған. Бұл бағыт осыдан 35 жыл бұрын пайда болған еді. Ол кезде «Достық – Алашаңқай» торабы іске қосылып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосты. Ал жаңа желі Қытай мен Қазақстан арасындағы тасымалды ұлғайтуға бағытталған. Тіпті Еуропамен байланысуға мүмкіндік беретін басты дәлізге айналып отыр.

Ерсұлтан Абдрахманов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:

- «Достық – Мойынты» бағыты іске қосылғаннан кейін жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. Соның ішінде транзит және экспорттық тасымалдар белсенді дамып келеді. 2025 жылғы қыркүйекте «Достық – Мойынты» теміржолында екінші желі іске қосылғаннан кейін сол учаске бойынша жүк тасымалы 2022 жылғымен салыстырғанда, шамамен 42 пайызға өсті. Бұл дегеніміз шамамен 11,7 мың тонна.  

Жолдар салып, тұрақты тасымалды қамту – ел алдында тұрған маңызды міндет. Бұл тұрғыда соңғы жылдары ауқымды жобалар іске асуда. Қызылордада өткен ұлттық құрылтай барысында да Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге ерекше назар аударылды. Президент автокөлік, әуе, теміржолдарын дамытудың маңызын айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Автокөлік жолдарымен қатар теміржол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысы аяқталды. Мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтерді. Биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынады. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылады.

Сондай-ақ Ақтау, Құрық порттарына апаратын «Бейнеу-Сексеуіл», «Қарағанды-Жезқазған», «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы биыл басталады. Жоба қатаң бақылауда.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин