4,6 трлн теңге. Алдағы үш жылда еліміздің автожол саласын дамытуға осынша қаражат бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Әсіресе өңірлердегі жолдарды жаңғырту жоспарда. Мәселен, биыл 9 мың шақырымға жуық жол жөнделеді. Ақылы автомобиль жолдарының ұзындығы тағы 2 мың шақырымға ұзартылып, 6 жаңа учаскеде төлем жүйесі іске қосылады.
Қазір Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал 70 мың шақырымы жергілікті деңгейдегі жолдар. Биыл «Қазавтожол» 8 мың 900 шақырым жолда жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде 3 мың 400 шақырым – құрылыс жəне реконструкциялау жобалары. 324 шақырым – күрделі жөндеу. Тағы 5 мың 200 шақырым – орташа жөндеу.
Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:
Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы жəне 193 асфальтбетон жəне бетон зауыттары жұмылдырылады.
Алдағы үш жылда 32 мың шақырым болатын жергілікті жолды нормативтік жағдайға келтіру жоспарлануда. Оның 10 мың шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Жалпы 2029 жылға дейін жол салуға 4,6 трлн теңге жұмсалады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ендігі кезекте өңіраралық жолдарды дамытуға көңіл бөлу қажет. «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, қаржыландыру және жер учаскелерін резервке қою мәселелерін шешу қажет. Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет.
Ал өткен жылдары пайдалануға берілген жолдардың 2 мың шақырымында ақы алу тәртібі күшіне енеді. 6 жаңа учаске жоспарланыпты. Олар Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал, Бурылбайтал-Құрты, Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат және Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахань мен Мерке-Шу-Бурылбайтал бағыттары.
Келесі мәселе – жол сапасы. Азаматтардан былтыр инфрақұрылымның мүшкіл жағдайына қатысты 60 мыңға жуық шағым түсіпті. Биылдың өзінде тағы 7,5 мың арыз келген.
- Мәселен, тұрғындар Атырау, Орал жолдарының нашар екенін айтып келеді. Туризм саласының өкілдері болса Жетісу және Абай облыстарында, оның ішінде Алакөлге апаратын өңірлік жолдарды күтіп ұстау жұмыстарының сапасына шағымданды.
Осы жолдың нашарлығы ма, әлде басқа себеп пе? Бізде көлік апаты азаймай тұр. 2025 жылы елімізде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Осыны айтқан Үкімет басшысы жауаптыларға апат қаупі жоғары деген учаскелерді жөндеп, заманауи ескерту құралдарын орнатуды тапсырды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин