Кәсіпкерлердің айыппұлдары кешіріледі

  • 12
  • 05.03.2026, 21:38

Кәсіпкерлердің 100 миллиард теңге шамасындағы айыппұлы мен өсімпұлы кешіріледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мәлімдеді. Бүгінгі күні микро және шағын бизнестің ел алдындағы борышы 273 миллиард теңгеге жеткен. Оның 170 миллиард теңгеден астамы – салық қарызы. Егер осы негізгі берешек наурыздың соңына дейін өтелсе, онда мемлекет айыппұл мен өсімпұлды кешіреді. Мұндай рақымшылық микро және шағын кәсіпкерліктің жаңа Салық кодексіне бейімделуі үшін қолға алынған шаралардың бірі. Қазір ел бойынша кәсіпорындардың берешегі 1 триллион теңгеден асқан. 

Қайсар Арын, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- ҚР Үкіметінің қаулысымен микро және шағын бизнеске қатысты өсімпұл мен айыппұлды кешіру туралы Қаржы министрлігінің бұйрығы шықты. Негізгі талаптардың бірі – егер кәсіпкерлер салық қарызын 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында өтесе, онда олардың есептелген өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі.