Мәжілісте ірі жобаларға Дүниежүзілік банк қаражатын тартатын келісім мақұлданды

  • 11
  • 04.03.2026, 21:33

«Жезқазған-Қарағанды» мен «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдары қайта салынады. Мәжіліс осы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған келісімді мақұлдады. Оған Дүниежүзілік банк қаржысы тартылады. Бұған қоса депутаттар Қазақстанда жеке детективтік қызмет институтын құруға арналған заң жобасын қарауға алды. Сондай-ақ алимент өндіру тетіктерін жетілдіру бойынша да бірқатар түзетулер қаралды.

Мәжіліс қараған құжаттың бірі Дүниежүзілік банктің ақшасын тартуға арналған. Әлемдегі ең беделді халықаралық қаржы институты 30 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін құны 8 млрд доллар болатын 50 жоба іске асырылыпты. Негізінен көлік, білім беру, экология, цифрландыру салаларына қатысты. Енді жаңа келісім аясында кезекті жобалар қолға алынбақ. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

- Мысал келтірейін, «Жезқазған-Қарағанды» 1,2 млн, «Бейнеу-Сексеуіл» 750 млн АҚШ доллар. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын жобалар екеуі де. Жолды қысқарту арқылы экономикалық пайдасы 93 млрд теңгеден астам болуы мүмкін.

Елімізде жеке детективтер институты пайда болуы мүмкін. Тиісті заң жобасы Мәжіліс қарауына алынды. Бұл ең ұзақ әзірленген заң жобаларының бірі. Депутаттар: «Ерлі-зайыптылардың бір-бірін аңдытып, ажырасуларды көбейтіп алмаймыз ба», - деп қауіптенеді. Барлық тәуекелдерді ескеріп, құқықтық негіз қалыптастыру көзделіп отыр. 

Алиментті өндіру ісі жеңілдейді

Мәжіліс сонымен қатар алимент өндіруді жетілдіруге арналған құжатты талқылады. Жаңа түзетулерге сәйкес, енді борышкер шетелде болса да, алимент автоматты түрде өндіріледі. 

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Мысал келтірейік, ата-ананың бірі баламен бірге Қазақстанда тұрады. Ал екінші ата-ана ТМД-ның басқа мемлекетіне қоныс аударған. Ең ауыр мәселе – алименттің төленбеуі. Мемлекет сырттай бақылаушы бола алмайды. Біз халықаралық ынтымақтастық арқылы юрисдикциямыздан тыс жерде де жұмыс істейтін тетік құруға міндеттіміз.

Депутат Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін реформалау туралы депутаттық сауалын жолдады. Қазір бізде өтемақыны төлейтін де, апаттан келген шығын мөлшерін анықтайтын да бір компания.

Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл әдіс зардап шеккен азаматтардың мүмкіндіктерін шектейді. Мәселе заңдағы олқылықтарда емес, оның практикалық тұрғыда іске асырылу механизмінде жатыр. Халықаралық тәжірибеде сақтандырушы мен бағалаушының функциялары ажыратылған. Баяндалғанды ескере сақтандыруды реттеу әдістерін қайта қарауды сұраймыз.

Депутаттар білім беру, туризмді дамыту, ішкі сауда нарығын қорғау салаларына қатысты мәселелерді де көтерді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков