Астанаға «Әлем шежіресі» туындысы жеткізілді

  • 2
  • 29.05.2026, 19:43

Алматыдан Астанаға бірегей мұра жеткізілді. Ол - көпшілік назарына ұсыныла бермейтін «Әлем шежіресі» туындысы. Адамзаттың теңдессіз мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енген қолжазбада XIV-XVI ғасырларға тиесілі деректер қамтылған. Сондай-ақ ұзындығы 2 метр 40 сантиметр болатын, көне шағатай тілінде таңбаланған хандар шежіресі көрсетілген. Ол шежіре қай дәуірден сыр шертеді? Көнеден жеткен жәдігерлерді насихаттау бүгінгі күні қалай жүргізілу керек? 

Реставрациядан өткен құнды қолжазба Алматыдан Астанаға арнайы әкелінді. «Хандар шежіресі» - дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар туралы генеологиялық мәліметтерді қамтиды. Мұнда Жошы әулетінен шыққан 104 ханның есімі мен тарихы алтын әріптермен қашалып жазылған.

Тимур Талғатұлы, «Ғылым ордасы» РМК сирек кітаптар, қолжазбалар және кітапхана-музей бөлімінің бас қор сақтаушысы:

-Мазмұнынан белгілі болғандай бұл шежіре, яғни хандардың кімнен кейін қайсы тарайтыны, соны анық көрсетеді. Ішінде Шыңғыс хан да бар, Абылай хан да бар, Бұрындық хан да кездеседі. 22 мамыр күні Алматыда Еуропа жетекші мамандарымен біріккен Франция компанияларымен бірлесе Хандар шежіресін реставрациялау өткізілді. Енді бұл хандар шежіресінің сақталуы өте қиын жағдайда болғандықтан, үлкен бір реставрациялу жұмысын талап етеді.

Еліміздің жас ғалымдары бүгінде жәдіргерлерді жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртуды қолға алды. Алдағы уақытта арнайы қосымша іске қосылып, көне тарихтан сыр шертетін жобалар жасалады.

Бейбіт Әбдікен, Astana IT университеті ғылыми инновациялық жасанды интеллект орталығының директоры:

-Соның бір жобасы ол – Шағатай тілінің мәтінін тану және оның тілдік моделін жасау. Бұл жоба деңгейінде біз Астана IT университеті, ғылым ордасы, Ахмет Ясауи университеті және Гарвард университеті бірлесе үлкен жоба жасап жатырмыз. Одан басқа көне көптеген қыш заттары немесе мата заттары бар. Соны қайтадан реставрация, реконструкция жасау үшін жасанды интеллектті қолданып, сондай алгоритмдер жасап жатырмыз.

Сондай-ақ көрмеге ортағасырлық оғыз қыпшақ тілінде жазылған құнды деректер қойылды. Одан бөлек Жүсіп Зылиқа қиссасының қазақша нұсқасы да ұсынылды. Әсіресе орама қолжазбалар көршіліктің назарын аударды.

Айналайын Мәлік, Айбын Құсанбек