Елде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнім 9,8 трлн теңгеге жетіп, 5,9 процент өсті. Соның нәтижесінде қайта өңдеу өнеркәсібі де дамып, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрады. Консервіленген ет өндірісі 43 пайызға, жарма өнімдері 28,7, өсімдік майы 17,4 процентке артты. Қазір елде майлы дақылдарды өңдейтін 90-ға жуық, ет бағытында 210, ал сүт бағытында 180 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Ең перспективалы бағыттардың бірі – астықты терең өңдеу. Алдағы жылдары қайта өңдеу көлемін айтарлықтай арттыратын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2028 жылға дейін жалпы қуаттылығы жылына 5,8 млн тонна болатын жаңа астықты терең өңдеу өндірістерін іске қосу жоспарланған. Бұл жобаларға шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 3,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.