Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгерткен жоқ. Сөйтіп 18% деңгейінде сақтады. Бұл шешім негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы мен инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сәйкес қабылданған. Жылдық инфляция ақпан айында 11,7% дейін төмендеген. Азық-түліктің бағасы әлемдік нарықта арзандай бастады. Алайда қара алтын бағасы әдеттегідей құбылып тұр. Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін Brent маркалы мұнай қымбаттады. Әйтсе де, сарапшылардың болжауынша уақыт өте арзандайды. Биыл орта есеппен 1 баррель үшін 66,3 доллар болады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:
-Инфляцияның ең жоғары деңгейі өткен жылдың қыркүйегінде 12,9% болды. Ал биыл ақпанда ол шамамен 1-2 пайыздық тармақ төмендеді. Яғни жарты жылда белгілі бір нәтиже бар, бірақ күткен деңгейдегідей айқын емес. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке барлық құралды пайдалануға тапсырма берді. Алдағы уақытта тиісті шаралар жалғасады.