Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс былтыр 5 миллиард долларға жуықтаған. Бұл 2024 жылға қарағанда 16 пайызға артық. Биыл бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізу көзделген. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісінің ынтымақтастық кеңесінде айтылды. Бұхарада өткен жиында Ерлан Қошанов: «Екі ел депутаттарының алдындағы негізгі міндет – өнеркәсіп, инфрақұрылым мен логистика саласындағы бірлескен жобаларға заңнамалық қолдау көрсету», - деді. Ақпараттық технологиялар «цифрлық көпірге» айналуға тиіс. Қазір Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлесіп, технологиялық хаб қалыптастыруда.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Қазақстан Өзбекстанмен арада ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың үлгі боларлық моделі қалыптасты. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысы да Президенттер қол жеткізген келісімдер аясында жүзеге асуда. Былтыр Алматыда өткен отырыста экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмастық.