Елде көмір өндіру көлемін 128 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ

  • 6
  • 07.04.2026, 21:37

Әлемде көмір қоры бойынша 10-орында тұрған Қазақстанда биыл оны өндіру көлемін 128 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Салаға тартылатын инвестиция да едәуір артпақ. Ал Президент тапсырмасын орындау үшін бекітілген «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы аясында елде 8 жаңа жылу электр орталығы салынады. Сондай-ақ 11 станса жаңғыртудан өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Саланы цифрландыру ісі де қатар жүретін болады.

Қазақстан көмірге бай елдердің қатарына кіреді. Бүгінгі күні оның көлемі 33 млрд тоннадан асады. Кен негізінен елдің орталық және солтүстік-шығыс өңірінде жатыр. Былтыр 115,9 млн тонна көмір өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. Ал биыл 128,9 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ салаға 553,5 млрд теңге инвестиция салынбақ.  

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

-Үкімет 2026 жылғы 20 наурызда «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекітті. Аталған құжат белгіленген жиынтық қуаты шамамен  7,8 ГВт болатын инвестициялық жобалар кешенін іске асыруды көздейді. Ұлттық жоба көмір генерациясының 5,3 гВт болатын  8 жаңа объектісін салуды қоса алғанда, генерациялайтын қуаттарды кешенді дамытуды, сондай-ақ қуаты 2,5 ГВт болатын 11 бұрыннан бар энергия көздерін жаңғыртуды, кеңейтуді, реконструкциялауды және жаңартуды көздейді.

Ұлттық жобаға сәйкес, енді көмір генерациясын дамыту қарқын алатын болады. Қазірдің өзінде «Самұрық-Энерго» 4 ірі жобаны жүзеге асыруды қолға алған. Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту мен бұған дейін жиі айтылған Көкшетау, Семей және Өскеменде салынатын ЖЭО қатысты жұмыс. Құрылыс жұмыстары 2029 жылға дейін аяқталып, іске қосылатын болады. Жаңа нысандарға жасанды интеллект және «Таза көмір» технологиялары енгізіледі. Компания есебін тыңдаған Үкімет басшысы Алматыдағы екі бірдей станцияның жұмысына қатысты сұрап білді.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Алматыдағы 2-ші және 3-ші ТЭЦ бойынша қалай жұмыс жүріп жатыр? Маған жұмыс қарқыны төмендеп кетті деп ақпарат түсті.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-энерго» компаниясының басқарма төрағасы:

-Алматыдағы 2,3-ші ЖЭО құрылыстары біздің жеке бақылауымызда. Мердігерге жұмыстарды күшейту, жұмысты үш сменалық мерзімге көшіру тапсырмалар берді. Қысқа мерзімде мердігер жұмыс алаңына мың жарым адамдай шығару керек осы айдың аяғында, мамыр айының басында.

Жиын барысында көмір өндіретін бірнеше ірі кәсіпорындардың басшысы мен өңірлердің әкімдері де бұл бағыттағы жұмыстарын баяндады. Белгілі болғандай, көмір-химия кешендерін дамытуға тың технология және инвестиция тартылады. Ал брифинг барысында көмірден өзге электр энергиясына деген қажеттілікті өзімізде өндіру туралы айтылды.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Былтыр біз 124,6 млрд кВт сағат тұтынсақ, 123,1 млрд кВт сағат өндірдік. 1,5 млрд арасында жетпегені. Енді 1-1,5 пайыз көлемі ғой. Жалпы жүйе тұрақты жасап тұр. Біз ендігі жылы сырттан алатын импорттау көлемін толық жоямыз деген жоспар бар.

Үкімет мол көмір қорын ел үшін тиімді пайдалануға мүдделі. Одан қуат алып қажеттілікті қамтудан өзге, экологиялық қауіпсіздігіне де баса назар аудармақ. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері барынша аз «Таза көмір» технологиялары белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспаларды  90% дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін  жаңа технологиялар қарқынды дамуда. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек. «Таза» технологияларды қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту мақсатында, атап айтқанда, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтып, тиімділігін арттыру үшін де қолданған жөн.

Жиын соңында Премьер-министр мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, әрбір жаңа жылу электр орталығы белгіленген мерзімде іске қосылуы қажет екенін баса айтты.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин