Қазір бірнеше автокомпания базасында техникаға қойылатын компонеттерді дайындау жобалары пысықталып жатыр. Оның ішінде, жылыту және салқындату жүйелерін өзімізде шығару жоспарда.
Елімізде автокөліктерге қажетті бөлшектерді өндіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Бұған кәсіпорындардың өздері де құлшыныс білдіруде. Бірқатар жобаларды шетелдік әріптестерімен бірге іске асырмақ. Мамандардың пайымынша, жаңа өндірістердің ашылуы нәтижесінде жүздеген жұмыс орны пайда болады.
Сұлтан Бекмағамбетов, автокөлік зауытының жұмысшысы:
- Негізі аллюминий дискілері, аккумулятор батареялары, шиналар уже Қазақстанда өндіріледі. Павлодар, Талдықорған қаласында өндіріледі. Қалған бөлшектер біз Корея және өзбектермен қосылып, локализация біздің Қостанайда өндіретін боламыз. Қазіргі таңда қажетті деңгейде шығарылып жатыр, біздің автокөліктерімізгежеткілікті. Бірақ әрине біз оқшаулауды тереңдету керекпіз.
Қазір елімізде көлікке қажетті бөлшектерді өндіруге қатысты бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 10-нан астам өндіріс жолға қойылған. Нәтижесінде, мультимедия, орындық, қуаттаушы батарея және өзге де қажетті бөлшектер өзімізде шығарылып жатыр. Биыл тағы бірнеше жоба жүзеге асады.
Гүлжан Әкімбек, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автокөлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылық техникасы басқармасының бас сарапшысы:
- Автокомпоненттерді өндіру негізі Қазақстандағы автокөлік брендтеріне тікелей байланысты. Яғни дәл сол брендтің стандарттарына, талаптарына сәйкес болу қажет. Осы жылға жоспарланған Алматы, Қостанай қалаларында пысықталуда ірі жобалар – компаненттер. Атап айтқанда, жылыту немесе кондиционерлеу компоненттері және салондағы пластикалық детальдар және ковриктер шығарылады.
Биыл елімізде 200 мыңнан астам автокөлік шығару жоспарланып отыр. Олардың қатарында жүк техникасы мен автобустар да бар. Әрі елде көлікке сұраныс артуда. Былтыр Алматы мен Қостанайда іске қосылған екі бірдей зауыт өндіріс көлемін ұлғайтпақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабев