Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді. Сенат екі ел арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Маңызды келісімге Мемлекет басшылары 2024 жылы Душанбе қаласында қол қойған. Құжат әскери, сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетика, экология және цифрландыру мен мәдени-гуманитарлық бағыттарды қамтиды. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады. Ендігі меже – бұл көрсеткішті 2 млрд долларға дейін ұлғайту. Осылайша, екі тараптың ынтымақтастығы тереңдей түспек.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақстан халықаралық аренада көпвекторлы сындарлы және белсенді саясат жүргізіп келеді. Осы ретте қаралған заңдар да елімізді бейбітсүйгіш әрі ашық мемлекет орта держава ретінде айқындай түседі. Атап айтқанда, бауырлас Тәжікстан елімен мемлекетаралық байланысымыз жаңа одақтастық қатынас деңгейіне көтеріліп отыр. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігімен қатынастарымыз да стратегиялық сипатқа ие болды. Алдағы уақытта бұл құжаттар аталған елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сеенміз.
Құрылтай партиялық тізімдер арқылы қалыптасады
Құрылтай партиялық тізімдер арқылы қалыптасады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Жалпы отырыстан соң журналистер сұрағына жауап берген жоғары палата спикері азаматтар қоғамдық ұйымдарды, саяси партияларды құруға ерікті екенін де тілге тиек етті. Бастысы, тиісті іс-қимылдарды мемлекеттің заңнамасына сай жүзеге асыру керек. Сондай-ақ ол Сенат пен Мәжіліс 1-шілдеге дейін жұмыс істей беретінін айтты және 6 конституциялық заң қабылданатын болады.