Өткен жылы ел экономикасына шамамен 390 миллион доллар түрік инвестициясы тартылды. Небәрі 20 жыл ішінде бұл сома 6 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз өткізген сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысында мәлім болды. Бүгінде түрлі салаларда жалпы сомасы 4 миллиард долларды құрайтын 98 инвестициялық жоба іске қосылды. Одан бөлек, 3,9 млрд доллар болатын тағы 50 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 миллион тоннаны құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде өткен жылы тауар айналымы артып, 360 миллион долларға жетті.
Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде өзге елдермен бірлесіп, Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен CubeSat-12u жерсерігін әзірлеу бағытында бірлескен жұмыс жүргізуде. Кездесуде мұнай-газ, цифрландыру, денсаулық сақтау, көлік және сауда салаларындағы ынтымақтастық мәселелрі де сөз болды. Жиын соңында тараптар Үкіметаралық комиссиясы 14-ші отырысының хаттамасына қол қойды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сауда-экономикалық және және инвестициялық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Түркия – Қазақстанның бес негізгі сауда серіктесінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 9%-ға артты. Оның ішінде Қазақстан тауарларының экспорт көлемі 17%-дан астам өсіп, $3,9 млрд-қа жетті. Қазақстан Үкіметі сауданы әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізуге ниеттіміз.
Джевдет Йылмаз, Түркия республикасының Вице-президенті:
- Түркия мен Қазақстан – тек дос және бауырлас мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратын стратегиялық серіктестер. Біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейіне қол жеткізуде президенттеріміз — Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешуші әрекеттері мен ортақ көзқарасы үлкен рөл атқарды. Үкіметаралық комиссияның бүгінгі отырысын біз алдағы уақыттардағы сауда-экономикалық қатынастарымыздың Жол картасын қалыптастыратын стратегиялық консультациялардың негізі ретінде қарастырамыз.