Үш айда экономикаға не болды?

  • 13
  • 14.04.2026, 20:12

Қаңтар, ақпан мен наурыз айларында қазынаға келіп түскен кірістер былтырғы жылғы осы кезеңмен салыстырғанда шамамен 1 триллион теңгеге жуық. Жалпы жыл басынан бері 3 айда экономика 3 пайызға өскен. Бөрікті аспанға ататындай емес, дей тұрғанымен өсім бұрынғыдай шикізат сату емес, салықтық түсімдер есебінен болып отыр.

Әсілінде Үкіметтің жұмысы қауырт, бірақ қазір министрлерден тіптен маза қашқан. Әлемдік дағдарыс, геосаяси шиеленістер, сауда тізбектерінің бұзылуы, экономикалық саясаттың әр қадамы май шаммен қаралуы тиіс. Ал 2029 жылға қарай ЖІӨ-ді екі еселеу – өз алдына бұлжымас міндет. Ұлттық экономика вице-министрі баяндап сандарды сапырды. Өсім берген жетекші салаларды атады.

Ең жоғарғы өсім құрылыс саласына тиесілі – 15 пайызға жуық. Сол секілді көлік қызметі де бір тоқсанда 13 пайызға жуық өскен. Өңдеу өнеркәсібі сегіз жарым пайыз өсім беріп отыр.

Азамат Әмрин, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:

- Өсу 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облысытарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. 

Вице-министр атап өткендей өткен жылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсіп, екінші жыл қатарынан тау-кен өнеркәсібінің деңгейінен асып түскен. Айталық ЖІӨ-дегі мұнайдың үлесі азаюда. 2010 жылы ол 16,5% болса, былтыр 8,1%-ға дейін түскен. Яғни мұнайдың миллиардтары бюджеттің жыртығын жамауға емес, ұлттық қорға кетіп жатыр. Ертеңгі күннің ақшасы былайша айтқанда. Ақша демекші, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 6,4 пайызға дейін артып, 3 жарым трлн теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 30 пайызға жуықтаған. Және қаражат нақты секторға бағытталуда.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициялар көлемі 2 жарым есеге, ақпарат және байланысқа екі есеге, ауылшаруашылығына 70.6 пайызға, саудаға 28.2 пайызға, өңдеу өнеркәсібіне 21.6 пайызға, көлік қызметтеріне 7.9 пайызға өсті. 

Жыл басынан бергі 3 айдағы инфляция 11 пайыз шамасында. Әлемдегі геосаяси ахуалға қатысты қалыптасқан қымбатшылық Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Дегенмен өткен жылдың қазан айынан басталған инфляцияның баяулауы жыл соңына дейін жалғасады. Оған тек сыртқы факторлар ғана емес, үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары, байыпты ақша несие саясаты, тиісінше теңге бағамының беки түсуі сияқты қадамдар – себеп. Тағы бір аса маңызды бағыт – бюджет. 

Мәди Тәкиев, ҚР қаржы министрі:

- Мемлекеттік бюджеттің кірістері 6.4 трлн теңгені немесе жоспарға 104.3 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырған түсімдер 931 млрд теңгеге немесе шамамен 17 пайызға өсті. 

Салық түсімдері 20 пайызға артып, қосымша 137 млрдтан астам қаражат келді. Сүйіншілеуге әлі ерте, бірақ сөз жоқ бетбұрыс. Ал мұнай өнімдерінің ЖІӨ-і үлесі азайғандығы қара алтын өндірісі қысқарып қалды дегенді білдірмейді. 3 айда 15 млн тоннадан аса шикізат өндірілген, жыл соңына дейінгі меже – 76 млн тонна. Сол секілді тоқсан ішінде 13.6 млрд текше метр газ өндірілсе, жылдық меже 63 млрдқа жуық деп жоспарланып отыр. Мұнайды өңдеу яғни жанар-жағармай, т.б өнімдерді алу мәселесіне келер болсақ:

Ерлан Ақкенженов, ҚР энергетика министрі:

- Өндіру көлемі  3,67 млн тоннаны немесе 2025 жылғы фактімен салыстырғанда 98,9%-ды құрады. Мұнай газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 134 мың тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86,1% болды.

Қаңтар наурыз айлары аралығында  33,7 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Жыл соңына дейін 126 жарым млрд квт сағат қуат көзі өндірілуі тиіс. Тағы бір маңызды бағыт. Өңдеу өнеркәсібінің өсіп келе жатқаны қуантады. Жоғарыда оның 8 жарым пайызға артқанын айттық. Оның негізгі қозғаушы күші – машина жасау,

Химия өндірісі, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп пен өзге де бағыттар. Құрылысқа келсек, тоқасан ішінде 1,2 трлн теңгенің жұмысы орындалып, 3.9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдаланауға берілді. Ауыл шаруашылығы. Жыл басынан бері агро сала өз орнықтылығын сақтап, 3 жарым пайызға дейін өсті. Биыл саланы қаржыландыру 70 пайыздан астам өседі. Демек жыл соңына дейін өсім күтіледі. Ол бір есептен азық-түлік қауіпсіздігіне оң ықпал етуі тиіс. Азық түлік демекші премьер-министр инфляцияны ырықтандыруға баса назар аударды. Бағаны қолдан өсіріп отырған топтасып әрекет қылатын тоғышарларға тоқтам қажет.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

- Жасыратыны жоқ ол жерлерде ел айтып жүрген ұйымдасқан топтап заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан өсіріледі. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек.

Иә, бұл Олжас Абайұлының экономика өсімін жыл соңына дейін 5 пайыздан асыруға қатысты айтқан қанатты сөзі. Ол үшін қазіргі қарқынды қалыпты ұстау жеткіліксіз, тың шараларды табанды түрде енгізу қажет деді. Ол жұмыс тиімділігін арттыру үшін барлық салаға ЖИ-ні енгізуден бастап, қатаң қадағалауға дейінгі мың сан шараны қамтиды.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Қорыта айтсақ, мұнай бағасына қарап мұңаятын заман өтіп бара жатыр. Экономика шикізатсыз өсім көрсете бастады. Тиісінше өңдеу өнеркәсібі дамудың қозғаушы күшіне сұранып тұр. Инвестициялар да нақты әрі орнықты жобаларға бағытталады. Бүгінгі айтылған мәлімдемелер мен сандарға сенсек, биылғы жыл ел экономикасының дамуындағы түбегейлі бетбұрыстың басы болуға тиіс.

Авторалары: Берік Дүйсенай, Тайыр Мерекенов