Қазақстан түрікмен газын Қытайға жеткізудегі негізгі транзиттік қақпалардың бірі болып табылады. Ашхабадта Түрікменстан–Қытай газ ынтымақтастығының 20 жылдығына арналған форум аясында «Ғалқыныш» газ кен орнын игерудің төртінші кезеңі ресми түрде іске қосылды. Жоба Қытайға бағытталатын газ көлемін арттыруды көздейді. Қазақстан үшін бұл – маңызды стратегиялық мүмкіндік. Себебі еліміз арқылы өтетін газ құбырлары негізгі транзиттік бағыттардың бірі саналады.
Қазіргі таңда Қазақстан–Қытай газ құбыры арқылы жылына 35 миллиард текше метрден астам газ тасымалданады. Сарапшылардың пікірінше, жаңа қуат көздері іске қосылған жағдайда бұл көрсеткіш айтарлықтай артады. Нәтижесінде Қазақстанның транзиттік табысы өсіп, энергетикалық хаб ретіндегі рөлі күшейе түседі.
Әлібек Жамауов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз осы құбыр арқылы, яғни Түрікменстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін бағытпен Қытайға жыл сайын шамамен 4–5 миллиард текше метр газ экспорттап отырмыз. Қазір газды Ғалқыныш газ кен орны жобасына қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бойынша шетелдік инвесторлармен жүргізіліп жатқан келіссөздердің нәтижесін күтіп отырмыз. Жалпы алғанда, бұл – экономикалық тұрғыдан тиімді бастама. Қазақстан аумағында құрылған Азия газ құбыры жобасында үлестер тең бөлінген, соның арқасында транзиттен тұрақты табыс түсіп, бюджетке салықтық түсімдер қамтамасыз етілуде.