Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы артады

  • 16
  • 21.04.2026, 21:32

Қазақстан мен Моңғолияның экономикалық әлеуеті қазіргіден әлдеқайда жоғары. Оны бағалау және нақты жобалар Астанада өткен бизнес форумда сөз болды. Мақсат – тауар айналымын арттыру және әртараптандыру. Қазір Қазақстан астық өзге де азық-түлік өнімдері, металл бұйымдары мен құрылыс материалдарын экспорттайды. Моңғолия өз кезегінде бізге тері бұйымдары мен көкөністер, оның ішінде картоп жеткізеді. Күн тәртібінде тек сауда ғана емес, бірлескен кәсіпорындар құру мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ форум аясында химия, құрылыс және тамақ өнеркәсібі басқа да салалар бойынша бірқатар келісімдер жасалды.   

Мұрат Қарымсақов, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы:

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Моңғолия экономикасына шамамен 50 миллиард доллар инвестиция салынды. Ал Моңғол инвесторлары Қазақстанға 7 миллион доллардан астам қаражат құйған. Бізде бірлескен кәсіпорындар саны қазір 20-ға жуықтады. Сондай-ақ Қазақстан нарығында 400-ден астам моңғол кәсіпорны бар. 

Булган Саруул, Моңғолия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасынң бас хатшысы:

- Форумда біздің компаниялар 19 меморандумға қол қойды. Оның ішінде ең маңыздысы – құрылыс пен ауыл шаруашылығы салалары. Астанда Қаржы орталығының жұмыс істейтіндігі де біздің бизнесті қатты қызықтырды. Бізде де халықаралық сондай орталық бар. Біз екі тараптың компанияларына қарым-қатынастарын жақсартуға көмектесуіміз керек.