Францияның даму агенттігі елімізде бірнеше млн еуроның жобаларын жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл туралы халықаралық жасыл әрі орнықты технологиялар көрмесінің алаңында Францияның Қазақстандағы елшісі мәлімдеді.
Айта кету керек, аталған көрме 30-дан астам ел қатысып жатқан Аймақтық экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған. Елші атап өткендей, Арал теңізін сақтауға гранттық негізде 2 млн еуро бөлінген. Сондай-ақ Франция қоршаған орта, су ресурстарын басқару, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында да озық тәжірбиесі һәм технологияларымен бөлісуге бейіл. Энергетика бағытында бейбіт атом – басты назарда.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы елшісі:
- Таяу Шығыстағы дағдарыс таза әрі жасыл технологиялардың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Атом энергетикасында Франция – әлемдегі көшбасшы ел. Біздің елде қуат көзінің 73 пайызын атом стансалары береді. Су энергетикасы да жолға қойылған және жел электр қондырғыларынан да біздің жетістігіміз жоғары. Байқасаңыздар, Франция көмір және мұнайға байланған дәстүрлі энергокөздерге тәуелді емес. Қазақстанмен аса ірі жел электр жобасын іске асырып жатырмыз. Басқа да бағыттардағы ықпалдастыққа ашықпыз.
Жасыл технологиялар көрмесінде жаһандық және өңірлік экологиялық түйткілдер де талқылануда. Каспий теңізін қорғау ұйымы былтыр Каспийді құтқарудың 10 қадамын ұсынған.
Айта кету керек, соңғы 15 жылдан аса уақытта көлдің қазақстандық акваториясында су деңгейі 7,1 пайызға төмендеген. Бүгінгі алаң Каспий проблемасын Қазақстан мен Әзербайжан ғана емес, оны жағалай отырған өзге де мемлекеттермен және халықаралық институттармен ашық талқылауға мүмкіндік беріп отыр.
Вадим Ни, «Save The Caspian Sea» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, халықаралық экологиялық құқық жөніндегі сарапшы:
- Аймақтық экологиялық саммит Каспийді құтқару жолындағы алғашқы қадамдар үшін маңызды алаң екенін көріп отырмыз. Былтыр өздеріңіз білесіздер, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Президент халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Қазір ол осы алаңда талқыланып жатыр. Бұл Каспий тағдырына халықаралық күш-жігерді біріктіру, қаржыландыру мен нақты қадамдарды қолға алуға серпін беретін тамаша мүмкіндік болмақ.