Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6%-ға өсті

  • 6
  • 12.05.2026, 19:42

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6%-ға өсті. Бұл биылғы қаңтар мен сәуір аралығындағы төрт айдың қорытындысы. Негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сынды салаларда ауқымды өсім тіркелген. Сарапшылар оң көрсеткіш – Президент тапсырмасына сай жүрігізіліп жатқан ел экономикасын әртараптандыру жұмысының нәтижесі,- дейді.

Елдегі жалпы ішкі өнімнің үш жарым пайызды еңсеруі - көп жылдан бері болмаған көрсеткіш. Экономикалық өсімге негізінен өңдеу өнеркәсібі мол үлес қосқан. Саладағы өндіріс көлемі 9,9%-ға жетті. Соның ішінде, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару  ісі қарқынды.

Азамат Панбаев, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

- Негізінен бұл салаға өз үлесін қосқан химия өнеркәсібі – 18% өсім көрсетіп отыр. Одан бөлек жеңіл өнеркәсіпте біз ауқымды өсім көріп отырмыз. Оның үлесі 2,2 есеге артып отыр. Бұған негізгі бірқатар салдары мен себептері бар. Былтыр біз елімізде 190 жобаны іске қосқанбыз. Сол жобалардың өз қуаттылығына шығуы әсер етіп отыр және биылдың өзінде алғашқы 4 айдың ішінде 43 жобаны іске қосып отырмыз.

Саладағы оң динамиканың қалыптасуына жаңа жобаларды қаржыландыру, оларды іске асыру үшін индустриалдық аймақтар құру және өндірілген өнімді ішкі әрі сыртқы нарыққа өткізу секілді мемлекеттік қолдау шаралары да әсер еткен. Нәтижесінде, резина, жиһаз, қағаз өндірісі күрт қарыштады. Жалпы ішкі өнімге елеулі әсер ететін автокөлік өндірісін биыл 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Былтыр елде 171 мың көлік шығарылған еді.

Анар Макашева, Қазақстанның автокөлік одағының президенті:

- Биылғы қаңтар мен сәуір аралығында бізде 62 187 автокөлік шығарылды. Олардың қатарында жеңіл, жүк көліктері мен автобустар да бар. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 45 мың көлік құрастырылған. Яғни, өсім 35,9%-ды құрап отыр. Бұл әрине жақсы көрсеткіш.

Жалпы алғанда, төрт ай қорытындысы бойынша бірқатар салада ең жоғары өсім тіркелді. Атап айтқанда, құрылыс – 14,5% , көлік және қоймалау саласы 12%, өңдеу өнеркәсібі 9,9%, сауда 5,1, ауыл шаруашылығы 3,6%-ға өскен. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 17,5 мың долларға дейін жетті. Халықаралық валюта қоры осылай деп бағамдап отыр.  Сарапшылар қазақстандық жалпы ішкі өнімнің өсіміне шикізаттық емес сектор мен қызмет көрсету саласының дамуы айтарлықтай әсер етті,- дейді.

Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:

- Теңгенің тұрақты болғаны, теңге курсының кішкене жолғары болғаны бес жүзден төмен, 480 болғаны бәрібір түпкі макроэкономикалыө эффектіні алған кезде бізге анағұрлым пайдалырақ. Себебі инфляция бойынша, және бізге көптеген инвесторлардың келе бастауы бізідң суверенді облигациялардың шетелдік нарыққа сатылуы, резидент еместер қазір көбірек сатып алуда біздің облдигацияларды  - осының бәрі біздің ішкі қаржылық нарықтың қызып, оған көп ақшаның келіп, капиталдың көбеюіне алып келеді.

Жалпы алғанда экономикалық көрсеткіштер тәуір. Ендігі міндет  - жеткен жетісті тұрақты ұстап, еселеу дейді экономистер. Бұл үшін елде өндіру ғана емес, өңдеуге баса мән беру қажеттігін айтады.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Руслан Тәуірше.