Түркі елдерінің ынтымақтастығы артады

  • 6
  • 13.05.2026, 19:30

Түркі елдері экономикалық интеграцияға бет бұрды. Енді өзара сауда айналымын арттырып, түрлі жобаларды бірлесе іске асыратын болады. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында Астанада ұйымдастырылған бизнес форумында айтылды. Тараптар ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистикасы салаларында кооперацияға бірігуді жоспарлап отыр. 

Бизнес форум ірі халықаралық ұйымдар мен кәсіпкерлердің және инвестициялық құрылымдардың басын қосты. Түбі бір түркі елдері экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ынталы. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйымына біріккен 8 елдің мүддесі елеусіз қалмайтындай келісім жасалмақ.

Қазыбек Шайх, Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығының төрағасы:

- Біз түркі елдес халқымыз бірлесіп, тек қана саяси деңгейде емес, ең маңыздысы кәсіпкерлік деңгейде бірлескен дұрыс болады. Өйткені жалпы біздің нарығымыз 300 млн адамды құрайды. 300 миллиондық нарық ол кез келген экономиканы тұрақты жасайды. Екіншіден, халықтың жағдайын өте жақсартуға кәсіпкерлердің үлесі өте зор болады.

Өзара экономикалық интегерацияға бірігу үшін кооперациядан бастау көзделіп отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика салаларында түрлі жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгінгі форумда және панелдік сессия барысында аталған мәселе кеңінен талқыланды. Жалпы түркі мемлекеттерінің сауда айналымы өткен жылдың қортындысы бойынша 36 пайызға өсіп, бүгінде 3 млрд долларға жеткен. Жиында көтерілген бастамалар бірнеше келісімшартпен бекіді.

Мұрат Қарымсақов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы:

- Түркі инвестициялық қоры мен ынтымақтастықты арттыруға қатысты меморандумдарға қол қойылды. Ұйым басты қаржы институты болып есептеледі. Оның  міндеті – ауыл шаруашылығы, өндірістік кооперациямен тікелей байланысты жобаларды қаржыландыру.

Ұйымға мүше елдер ірі жобаларға инвестиция салу арқылы да бір-біріне қолдау көрсетпек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков