Елордамызда Мемлекет басшысының қатысуымен V Еуразия экономикалық форумы басталды. Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін елордаға келген Еуразия экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына және делегация жетекшілеріне ілтипат білдірді.
Атап айтсақ, одақ қызмет еткен 11 жыл ішінде Қазақстанның одаққа кіретін серіктес елдермен арадағы сауда айналымы шамамен 90 пайыз ұлғайған. Айталық, 2015 жылы 16,3 млрд доллар болса, былтыр 30,9 млрд долларға жетті. Үшінші елдермен сауда-саттық екі есеге жуық өсіп, 11 жылда 60 млрд-тан 113 млрд долларға жетіп отыр.
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты 2015 жылы 5,1 млрд болса, былтыр ол 10 млрд доллардан асты. Сондай-ақ одақ елдерінен тартылған тікелей инвестициясы 11 жыл бұрынғы 600 млн доллардан қазір 3 млрд-қа жуықтаған. Ал үшінші елдерден тартылған капитал көлемі 17,5 млрд долларға жетіп отыр.