Қазақстанда халық табысын арттырудың кешенді жоспары қабылданды

  • 7
  • 11.06.2026, 19:35

Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Бүгін Үкіметте оны іске асыру тетіктері түсіндірілді. Құжат алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды. Бүгінде орташа және медиандық жалақы арасындағы айырмашылық шамамен 40 пайыз. Осы алшақтықты азайту үшін ең төменгі жалақыны көтеру жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жалақысы әр үш жыл сайын индекстелмек. Жалақының өсуі бизнесті қолдау шараларымен де байланыстырылады. Мәселен, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру кезінде қызметкерлердің жалақысын көтеру жөнінде міндеттеме жүктеледі. Қазір Қазақстанда жалдамалы жұмысшы саны шамамен 10 миллион адам. Ең жоғары жалақы тау-кен өндірісі, қаржы секторы, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау салаларында тіркелген. Ал ең төменгі жалақыны медицина қызметкерлері, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер алады.

Азамат Әмрин,  ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

- Қазір 2027 жылдың бюджетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті деректер 1 тамыз кезінде дайын болады. Сол кезде ең төменгі жалақыны қаншалықты көтеруге мүмкіндік бар екенін нақты анықтаймыз. Жалақысы төмен салаларда көптеген адам еңбек етеді. Олардың еңбекақысын көтерудің негізгі жолы – бюджеттен қосымша қолдау көрсету.

Айта кетейік, соңғы төрт жылда елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 миллион 800 мыңнан 2 миллион 200 мыңға дейін өскен. Ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 миллион адамға жеткен. Бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40% еңсерген. Үкімет кәсіпкерлік және өндірістің күшімен жыл сайын 240 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. 2029 жылға қарай инфляция деңгейін 5-7 пайызға дейін төмендету көзделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол 12 пайыздан асқан.