336 млрд теңге. Былтыр Қазақстан бюджетіне осынша қаражат түспей қалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Депутаттар жоспарлау мен болжаудағы кемшіліктерді сынға алды. Нақты жобалардың орындалмай қалуына қатысты да сұрақ көп. Дегенмен 2025 жылы ел экономикасы 6,5% өсім көрсеткен. Әлеуметтік нысандар құрылысында алға жылжу бар. Сонымен қатар алдағы жоспарлар пысықталды.
Көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда. Бұл ел экономикасындағы өсімге негіз болған салалар. Бюджеттің орындалуы қаралған жиында алдымен Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады. Оның сөзінше, жоспарланған кірістер 99% орындалып, 21,4 трлн теңгені еңсерген. Орындалмағаны 336 млрд теңге.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Оған келесі бірнеше объективтік факторлар әсер етті: Мұнайдың орташа бағамының 6 АҚШ долларына төмендеуі – болжамды 75 доллардан 69 долларға дейін түсуі; экспорт көлемінің 1,7 млрд АҚШ долларына төмендеуі және де геосаяси жағдай мен 134 ірі кәсіпорындарынан түсетін салық төлемдерінің 709 млрд теңгеге немесе 36% төмендеуі әсер етті.
Дегенмен жалпы көлемде алғанда 6,5 экономикалық өсім тіркелген. 2024 жылы республикалық бюджет шығыстары 5 пайыз болған екен. Өткен жылы ол да 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңге болды.
Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жұмсалған. 198 мектеп және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталыпты. 10 мың орындық 30 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ 20,1 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Жоспар бойынша екінші болып Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы сөз алды. Ол бюджеттің атқарылуына қатысты жоспарлаудағы кемшіліктерді тізіп берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
- Жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20%-ті аяқталмаған. Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024-ші жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеуде. Орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орта есеппен 5%-іне, ал өңірлерде 33%-іне қол жеткізілген жоқ.
Депуттар да ерекше белсенді. Жауаптыларға елуге жуық сауал қойылды. Арасында тұтас сала мен аймаққа қоса белгілі бір елді мекеннің тіршілігіне қатысты мәселелер де көтерілді. Бірқатар ұсыныс айтылды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:
- Бюджеттің атқарылуы – тек бюджеттік тәртіп мәселесі емес. Бұл мемлекеттік басқару сапасының, қабылданған шешімдер тиімділігінің көрсеткіші. Азаматтардың, жалпы елдің әл-ауқатының артуы тікелей осыған байланысты. Айтылған ескертулер мен ұсыныстар Үкімет тарапынан мұқият сарапталып, алдағы жылдарға арналған бюджетте көрініс табады деп сенемін. Осы талқылаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес, алдағы жұмысымызда назар аударуға қажетті шешімдер табу.
Үкімет алдағы уақтта өнеркәсіп, көлік, энергетика, цифрландыру мен терең өңдеу салаларын белсенді дамытуға ниетті. Инфрақұрылды жақсарту үшін 11 мың шақырым электр, 200 шақырым жылу, 300 км су құбыры және 150 км кәріз желілерін жөндеу жоспарланған.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков