Экономика 5 айда 3,7% өсім көрсетті – Серік Жұманғарин

  • 9
  • 15.06.2026, 19:36

«Мемлекет басшысынан тапсырма, Үкіметтен орындау. Экономика әртараптанды ма, тұрақты өсім бар ма?» деген мәселе бүгін министрлер кабинетінде қаралды. Басым салалардың басында тұрған жауаптылар баяндама жасады. Мәселен, Ұлттық Экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше 5 айда экономика 3,7 пайыздық өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібі 9, машина жасау саласының өсімі 22,2 пайызға жеткен. Бұл ретте автокөлік индустриясының үлесі сүбелі. Қаңтардан бері 81 мыңнан астам автокөліктің шығарылуы соған дәлел. Сол секілді айтарлықтай өсім химия және құрылыс материалдары өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында да байқалды. Премьер-министр инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістерді уақытылы қосу қажеттігіне тоқталды. Жарты жылда межелі көрсеткіштерге жету үшін Үкімет барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін және бірінші басшылар бастарымен жауап беретінін атап өтті.