Былтырғы қорытынды бойынша ел экономикасы 6,5 пайыз өсті. Мұндай көрсеткішке көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі мен сауда салаларындағы өсім әсер еткен. Республикалық бюджет кірісі 99 пайызға орындалып, 21,4 триллион теңгеге жетті. Бүгін Сенат депутаттары алдында Қаржы министрі бюджеттің атқарылуына қатысты есеп берді. Мәди Тәкиев сыртқы экономикалық қиындықтарға, инфляциялық қысым мен геосаяси ахуалға қарамастан оң нәтижелердің барын айтты. Мәселен, салық түсімдері 2 триллионнан теңгеден асқан. Бүгінге дейін Үкімет әлеуметтік міндеттемелерін уақытылы орындап, экономикалық өсімді қамтамасыз етті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджетті формалды игеру тәжірибесі жөнінде үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы қаржыны тек азаматтарымыз бен ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға ғана бағыттау қажет екенін де бірнеше рет атап өтті. Бүгінгі талқылау бюджет процесінің сапасын арттыру үлкен жауапкершілікті, орындау тәртібін және нақты нәтижеге бағдарлануды талап ететінін көрсетті. Енді жаңа Салық кодексі мемлекеттің фискалдық міндеттері мен бизнесті дамыту үшін жағдай жасау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі керек. Үкімет айтылған барлық ескерту мен ұсыныстарды мұқият зерделеп, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдайды деп сенеміз.
Елде экологиялық ақпараттарды қамтитын бірыңғай ұлттық деректер банкі қалыптасып, сала толық цифрландырылады. Ал экологиялық жобаларды қаржыландырудың тиімділігі едәуір артады. Тиісті заңды бүгін Сенат депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен қалдықтарды басқару жүйесіне де баса мән берілген. Енді заңсыз қоқыс орындарын жою өкілеттіктері жергілікті атқарушы органдарға тапсырылады. Бұдан бөлек, заңда қайта өңделген шикізатты пайдаланатын өндірушілерді ынталандыру шаралары қарастырылған.
Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің алдына экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «жасыл» экономиканы дамыту жөнінде маңызды міндеттер қойды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық бақылауды күшейту және қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық тетіктерін дамыту қажет.