Премьер-министр Олжас Бектеновтің Қытайға жұмыс сапары аясында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын, қазақ-қытай ынтымақтастығын одан әрі нығайту, атап айтқанда, сауданы дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, агроөнеркәсіп кешені, көлік-логистика және басқа да салалардағы байланыстарды талқылады.
Сессия жұмысына сондай-ақ бірқатар елдің үкімет басшылары, сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері де қатысты. Бір белдеу, бір жол бастамасын ілгерілету, қатысушы елдердің экономикалық мүдделері және сауда бағыттары мен жеткізу тізбектерін қайта құру, цифрлық инфрақұрылым мәселелері сондай-ақ мегажобаның 2040 жылға дейінгі келешегі талқыланды.
Олжас Бектенов дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан жаңа Конституцияда шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, инвестициялық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және заң үстемдігі кепілдіктерін арттыруға баса мән берілгенін атап өтті. Бұл сөзсіз екіжақты экономикалық байланыстардың тереңдеуіне оң әсерін тигізеді.
Экономикалық байланыстарды сандармен айшықтасақ, екіжақты сауда-саттық 48 млрд долларға жетті. Қытай ең ірі 5 инвестордың бірі. Қазақ экономикасына жиыны 30 млрд долларға жуық қаражат құйды. Тек былтырдың өзінде 2,8 млрд доллар инвестиция салды. Ауылшаруашылығы бағытындағы алыс-беріс өсіп, 1,9 млрд долларға жетіп отыр. Соңғы 7 жылда көлік-транзит бағытын қаржыландыруға 35 млрд доллар қаражат жұмсалды. Нәтиже көріне бастады. Қазір екі ел арасындағы теміржол тасымалы 35,6 млн тоннаға жетіп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан мен Қытайды өзара құрмет пен қолдауға негізделген достық және ынтымақтастық байланыстырады. Бүгінде екіжақты қатынастар мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында дамып, жаңа «алтын отызжылдық» кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы берік сенімге негізделген сындарлы диалог серіктестіктің үлгілі моделіне айналған мемлекетаралық қатынастардың орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші болып отыр.
Ли Цян, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері:
- Кейінгі жылдары екі ел арасында жоғары деңгейде тығыз байланыс орнады, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын кездеседі. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік өзара қолдау мен тату көршілік үлгісіне айналып, ұдайы тереңдей түсуде. Қазіргі халықаралық жағдайда екі ел сенімді серіктестер ретінде ортақ дамудың игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеу үшін өзара үйлестіруді нығайтуы қажет. Қытай тарапы саяси өзара сенімді нығайтуға, даму стратегияларын үйлестіруге және екі ел халқының игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын.
Қытайдағы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші дәстүрлі кездесуі аясында Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіп пен цифрландыру саласында қытайдың маңдайалды компанияларының басшыларымен кездесті.
Жиында агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, көмір химиясы, автомобиль жасау және дата-орталықтар құру сияқты Қазақстан үшін басым салалар да жаңа шетелдік жобаларды іске қосу перспективаларына назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер шеңберінде шетел инвестицияларын тарту, өндірістерді локализациялау және технологиялар трансфертінің мүмкіндіктері қаралды.